Қордай ауданында ерекше шарттармен карантин режимі жарияланады
Облыста коронавирус инфекциясын 28 адам жұқтырған
Қордай ауданының аумағында 6 сәуірден бастап ерекше шарттармен карантин режимі жарияланады. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлайды.
«Қордай ауданында 3 инфекция жұқтырған адам тіркелген, олардың екеуі карантиндік стационарда анықталған, біреуі «Қостанай ‒ Алматы» пойызымен келген. Ауданда олармен байланыста болған барлық азаматтарды анықтау және оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, пациенттердің тұрғылықты жерін және олардың болған жерлерін зарарсыздандыру шаралары қолға алынған», - делінген хабарламада.
Карантин шараларының күшейтілуіне байланысты Қордай ауданының шекара маңындағы өткізу пункттері арқылы Қазақстанға кірген барлық азаматтар карантиндік стационарға жатқызылады.
Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған барлығы 28 адам анықталды. Бір тәулік ішінде 17 адамның жұқтырғаны белгілі болды. Олардың барлығы сырттан келген және олармен байланыста болған адамдардан тараған. Науқастар жабық жұқпалы аурулар стационарына орналастырылды.