«Елбасы дін-аман, күмән болса әкімдерден сұраңыздар» - Айдос Үкібай
Тұңғыш президентпен жаңа видеоны баспасөз хатшысы карантин біткеннен кейін жариялауға уәде берді
Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты қауесетке қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, кеше Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өңір басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға қатысты өзекті мәселелерді талқылаған.
«Қатаң карантин жағдайында Елбасының кабинетіне кіру шектелгенін түсінулеріңіз керек. Бірақ, соған қарамастан, баспасөз қызметі Тұңғыш Президенттің жұмысын уақытылы хабардар етуге тырысып келеді. Біз ешқашан қауесеттерге қатысты түсініктеме берген емеспіз. Бірақ, соңғы кезде кей адамдар Елбасының денсаулығына қатысты жалған ақпарат таратып, елдегі жағдайды тұрақсыздандырғысы келеді. Мұның бәрі өтірік», - деді Айдос Үкібай.
Оның айтуынша, Елбасы дін-аман, карантин жағдайына қарамастан жұмысын жалғастырып келеді.
«Егер күмәндарыңыз болса кеше Елбасы телефон арқылы сөйлескен әкімдерден сұрап көрсеңіздер болады», - деді ол.
А.Үкібай сондай-ақ, елде карантин аяқталғаннан кейін Елбасының қатысуымен өткен жиыннан видеоматериал жариялауға уәде етті.