$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.04.2020, 02:53
Саясат

Елбасы өңір әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті

Әңгіме барысында ол халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығын талқылады

Елбасы өңір әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті
Фото: elbasy.kz

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды elbasy.kz.

Әңгіме барысында өңірлердегі ахуал және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жергілікті биліктің дайындығы талқыланды.

Бірінші кезекте Елбасына өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында қабылданып жатқан шаралар мен елді мекендердегі медицина нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирустың таралуына байланысты қиын жағдайға тап болған адамдарға «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдары тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы баяндалды. Әкімдер төтенше жағдай кезінде адамдар мен бизнесті қолдауға бағытталған шараларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екендерін айтты.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы төтенше жағдай кезіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әкімдер еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі көктемгі егіс науқаны барысы мен солтүстік аймақтардағы егін егу жұмыстарына дайындық туралы ақпарат беріп, жекелеген облыстарда су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жоспарлары жөнінде баяндады.

Елбасы әкімдерге төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көрсетіліп жатқан көмекті әрбір мұқтаж адамға жеткізу бойынша тиімді жұмыс атқаруға тілектестік білдірді.

Серіктес жаңалықтары