ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 76 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған

Шыңғырлау әкімі қарамағындағы қызметкер пара алғаны үшін қызметінен кетті

Жемқорлық жасаған адамның тікелей басшысы қызметтен кетуі тиіс деген заң күшіне енді

Суретте: Ержан Тұрмағанбетов, chingirlau-bko.gov.kz

Батыс Қазақстан облысының әкімі Шыңғырлау ауданының әкімі Ержан Тұрмағанбетовтың бағынышты қызметкері пара алғаны үшін сотталғаннан кейін берген отставкасын қабылдады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

«Бұған дейін «БҚО Шыңғырлау ауданының білім беру бөлімі» ММ басшысына қатысты пара алу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған болатын. Ол Шыңғырлау ауданының мемлекеттік мекемелері мен орта білім беру мектептерінің ғимараттарын күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою үшін жеке кәсіпкерден 2 млн теңгеге жуық (1 960 000 теңге) пара алды деген күдікке ілінді. Ағымдағы жылы 21 қаңтарда Сапаров кінәлі деп танылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды», - делінген хабарламада.

2019 жылы 10 желтоқсанда ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағаны үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі бөлігінде енгізілген өзгертулер заңды күшіне енді. Аталған нормаға сәйкес, 2019 жылдың 10 желтоқсанынан кейін жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін мемлекеттік қызметшіні кінәлі деп тану туралы сот үкімі күшіне енген соң оның тікелей басшысы – саяси мемлекеттік қызметші 10 күннің ішінде қызметтен кетуі тиіс.

БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚПК 200-ші бабына сәйкес, облыстық әкімдікке Тұрмағамбетовты (аудан әкімі – ред.) бағынышты қызметкердің жемқорлық қылмысы үшін жауапкершілікке тарту туралы ұсынымы енгізілді.

«Осыған орай, заң нормасына сәйкес Шыңғырлау ауданының әкімі Ержан Тұрмағамбетов отставкаға ұсынды. Ағымдағы жылы 16 наурызда облыс әкімінің өкімімен бұл отставка қабылданып, Тұрмағамбетов атқарған лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.