Мемлекет басшысы Грекия Республикасының Сыртқы істер министрін қабылдады
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берілді
Президент Астанаға ресми сапармен келген Грекияның Сыртқы істер министрі Николаос Дендиасты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән беріліп, Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Грекияның Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасында маңызды серіктес елдердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ екі ел көпжақты алаңдарда өзара тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқанын жеткізді.
«Грекиямен арадағы байланыстар біз үшін басымдық саналатынын тағы да атап өткім келеді. Біз өзара ынтымақтастық көрсеткіштерін жаңа деңгейге көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Президент.
Өз кезегінде Николаос Дендиас екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
«Біз Қазақстанды өңірдегі тұрақтылыққа кепіл болатын Орталық Азиядағы ең ірі және басымдыққа ие ел ретінде қарастыратынымызды атап өткім келеді. Грекия Сіздің еліңізбен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын», – деді министр.
Сонымен қатар олар әңгімелесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.