$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.02.2020, 13:58
Саясат

Qatar Airways Қазақстанға ұшады, әйгілі AlRayan банк Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Тараптар тағы қандай келісімге келді

Қазақ-катар билігінің іскерлік кездесуі

Qatar Airways Қазақстанға ұшады, әйгілі AlRayan банк Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Тараптар тағы қандай келісімге келді

Бүгін Қазақстанға Катар республикасының Сауда және өнеркәсіп министрі Әли бен Ахмед Әл-Кувари бастаған 37 адам келді. Делегация құрамында 36 ер адам, жалғыз әйел бар. Ол осы министрліктегі халықаралық қатынастар бөлімінің сарапшысы -  Марьям Әли Әл-Халаф.

Осымен екі ел арасында 5-ші үкіметаралық жоғары деңгейдегі комиссия жиналысы өтіп жатыр. Мақсат – сауда-экономикалық байланысты нығайту. Қазақстанға бай араб елінен инвесторлар тарту. Кездесуде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сөз бастады. Ол баяндамасын ағылшынша жасады.

«Қозғалған мәселелер ішінде инвестициялық қатынастарды, оның ішінде, Катар инвестициялық қорының бірлескен қаржыландыру арқылы Қазақстанның инфрақұрылымдық қоры жұмысына қатысуға ниет білдіруін ерекше атап өту керек. Қаржы, банк саласында бірлескен жұмыс жүргіземіз. «Masraf AlRayan» банкі ашылады. Сонымен бірге Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында «Qatar International Islamic Bank» листинг өтеді», - деді Р.Дәленов.

Қазақстанда AlRayan Bank-тің өз бөлімін ашайын деп жатқаны рас. Мұны бізге сұхбат берген Астана халықаралық қаржы орталығы, ислам қаржыландыру департаментінің директоры Әлібек Нұрбеков те растады.

«Біз қазір ол банкті тіркеу процесін жүргізіп жатырмыз. Келесі айда нақты ашылу уақытын айтамыз. Әл-Раян – өте әйгілі банк. Енді ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарына араласады, келісім-шарттар осы банк арқылы өтеді. Бізде банк ашқанда ең аз дегенде 10 млн доллар бастапқы капитал болуы керек деген талап бар. Бірақ, бізге банк нақты қандай капиталмен кіретінін білмеймін. Қазақстанда енді ауыл шаруашылығы, тау-кен ісі тағы басқа экономиканың басым салаларын қаржыландыруы мүмкін. Нарықтық банк болғандықтан, проценттік үстемелері әр кезде әр түрлі болады. Исламдық қаржыландыру принципімен жұмыс істейді. Яғни, тәуекелдермен, пайдамен бөліседі», - деді ол.

Екіжақты барыс-келістің артуына жақында әлемдегі ең ірі әуе компанияларының бірі – Qatar Airways-тың Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына тікелей рейс ашуы септігін тигізбек. Қаңтар айында хабарланған жаңалықты бүгін Катар сауда және өнеркәсіп министрі Әл бен Ахмед Әл-Кувари тағы бір нақтылап кетті.

«Наурыз айының аяғында Qatar Airways-тың Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына рейстер ашуын асыға күтіп отырмыз. Екі ел арасындағы сауда деңгейі қазір төмен. Себебі тікелей әуе рейстері, кеме қатынастары жоқ. Егер Qatar Airways рейс ашатын болса, сауда дамиды деп ойлаймын. Кәсіпкерлерге де ыңғайлы болады», - деді ол бізге берген сұхбатында.

Доха-Нұр-Сұлтан бағытында Qatar Airways-тің алғашқы рейсі 30 наурызда жасалады. Содан соң,  Нұр-Сұлтанға аптасына екі рет, Алматыға төрт рет тұрақты түрде қатынамақ.

Айта кетсек, қазір Катар-Қазақстан арасында тауар айналымы $2 млн-ды құрайды. Министр Дәленов Катар тарапы Қазақстанда бірнеше әлеуметтік нысандар салатынын да айтты. Мысалы, Алматы облысында перзентхана құрылысына ақша бөлмек.

Бұдан бұрын катарлық даму қоры елордада мектеп-лицей салған. Жақында оған шейх Тамим бен Хамад Әл-Танидың есімі берілді. Айтпақшы, наурыз айында Катар басшысы Әл-Танидың өзі Қазақстанға келеді деп күтіледі.

Фото: Шейх Тамим бен Хамад әл-Тани мен Нұрсұлтан Назарбаев, мектептің ашылуы, 2018 ж. 

Кездесу соңында тараптар құжаттарға қол қойды. Бір біріне сый-сияпат жасасты. Руслан Дәленов Катар делегациясының басшысына араб елдері пір тұтатын сұңқардың суретін сыйласа, қонақтар теріден жасалған естелік бұйым тарту етті.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

 

Серіктес жаңалықтары