Тоқаев Ресейдегі жаңа елшіге нақты тапсырма берді
Ермек Көшербаев - тәуелсіз Қазақстанның Ресейдегі 11-ші елшісі
Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресейдегі жаңадан тағайындалған елшісі Ермек Көшербаевты қабылдады.
«Кездесу барысында Қазақстан Президенті Ресей Федерациясымен арадағы стратегиялық және одақтастық қарым-қатынастарды, оның ішінде интеграциялық үдерістер аясындағы байланыстарды одан әрі жан-жақты дамытудың маңыздылығын айтты», - делінген Ақорда сайтында.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Көшербаевқа бірқатар нақты тапсырма берген.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
Жаңа елші жайлы жан-жақты білгіңіз келсе, сайтымызда «30 жылда 37 рет қызмет ауыстырған». Ресейдегі жаңа елшіге қатысты деректер» деген тақырыппен мақала жарияланды.
Ермек Беделбайұлы 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
1988 жылы C.Киров атындағы Қазақ Ұлттық университетін шет тілінде оқытатын тарихшы мамандығы бойынша тәмамдаған. 1993 жылы КСРО Дипломатиялық академиясынның халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығын алған.
Әр жылдары ШҚО әкімінің бірінші орынбасары (2010-2014 жж.), Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары (2014-2016 жж.), Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы (2016-2018 жж.), Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы (2018-2019 жж.) сияқты жауапты қызметтерде болған. 2019 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымын атқарған.