«30 жылда 37 рет қызмет ауыстырған». Ресейдегі жаңа елшіге қатысты деректер
Бүгін Қазақстанның Ресейдегі жаңа елшісі тағайындалды
Үш жылға жуық Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына байланысты демалысқа кеткеннен соң, Ақордадағылар араға тура 40 күн салып жаңа елшіні тағайындады. Енді Қазақстанның Мәскеудегі ресми өкілі – Ермек Көшербаев. 2003-2006 жылы да Қазақстанның Ресейдегі елшісі Көшербаев (Қырымбек – ред.) болды, сондықтан ресейліктер үшін бұл фамилия таңсық емес. Бірақ, қос Көшербаевтың өмірбаянына көз жүгіртіп, екеуінің арасында туыстық байланыс жоғын анықтадық.
Иманғали Тасмағамбетов қызметінен босатылғанда саясаттанушылар мен журналистер келесі кандидатқа біраз бас қатырып, «Мәскеуге кәнігі дипломат бара ма, әлде саяси салмағы басым танымал тұлға бара ма?» деген сауал айналасында әңгіме өрбітті. Алайда, стратегиялық маңызы бар көрші Ресейге елші болып КСРО Дипломатиялық академиясының түлегі Ермек Көшербаев барды.
Саясаттанушы Сұлтан Әлімбеков Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс тек саяси ғана емес, экономикалық тұрғыда да нығаю керек екенін айтады.
«Бұрын-соңды дипломатиялық қызметке (Ресейге – ред.) саяси салмағы бар сақа саясаткерлер тағайындалатын. Ал, қазір Ресеймен саяси ғана емес, экономикалық байланысты да нығайта түсетін адам керек. Сондықтан кадрлық дипломаттың барғаны дұрыс болды», - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, Ресейге елші болып барған Ермек Көшербаев осы үдеден шығатын, дипломатиялық салада әбден пісіп-жетілген кәнігі маман.
Бір білетініміз, тарихта тәуелсіз Қазақстанның Ресейдегі 11-ші елшісі болып тағайындалған Ермек Көшербаев 30 жылда 37 қызмет ауыстырған азамат екен. Ендеше жаңа елшінің өткеніне үңіліп, қызмет жолына тоқталып өтейік. Сіз кімсіз, Көшербаев мырза? Ақорданың таңдауы неге сізге түсті?
Ришат Асқарбекұлы, Алматы