Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Әкім, директор һәм орынбасар: кадрлық резерв мүшелері қандай лауазымдарға орналасып жатыр

Президент резервіне енген «300 спартандық» қызмет таңдап жүр

Фотоколлаж

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен президенттік кадрлық резерв жасақталды. Оған бірнеше этаптан тұратын конкурстан өткен 35 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметте кемі 5 жыл өтілі бар 300 азамат кірді. Жобаның мақсаты – талантты жастар үшін ашық бәсеке жасап, әділ әлеуметтік «лифт» қалыптастыру. Резервке кіргендердің тізімі шығып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «алдынан өткеннен» кейін министрлер мен әкімдер олармен кездесу өткізіп, бәрі жаппай жұмысқа шақыра бастады. Резервке енген бірқатар «жас элитаның» сөзіне сенсек, жұмыс бойынша өтініш бір емес, бірнеше жерден түсуде. Мысалы, «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова «Azattyq Ruhy» тілшісіне әкімдіктен, министрліктен ұсыныс түскенін айтты. Тіпті, бір ведомствоның департамент басшысы лауазымы да ұсынылған.

«Мемлекеттік органдардан – әкімдіктен, министрліктерден хабарласып жатыр. Ішінде, әрине, лауазымды қызметтер де бар. Департамент директоры бол деп те шақырды. Дегенмен, мен әзірше «Болашақ» ассоциациясындағы бастаған жобаларымды аяқтағым келеді. Басталған істі аяқсыз қалдырып, тастап кетуге болмайды. Содан кейін ұсыныстар жөнінде ойланамын. Әзірге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде бір жоба бойынша қосымша жұмыс атқаратын болдым», - деді ол «Azattyq Ruhy» тілшісіне.

Кадрлық резерв ережесінде тізімге енгендерге ұсынылған қызметке міндетті түрде баруы тиіс деген талап жоқ. Тіпті, ешбір қызметке бармаса да еркі өзінде. Олар 5 жыл резерв құрамында болады. Басқалардан негізгі артықшылығы - осы уақыт аралығында қызметке мемлекеттік конкурстан өтпей-ақ орналасуға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік органдар «Azattyq Ruhy» редакциясына қазір тізімдегі 300 жас маманның біразының кандидатурасын қарап, келісім жүргізіліп жатқанын хабарлады. Көбі жұмысқа орналасып та үлгерген.  15 қаңтар күні Ақордада өткен кездесуде Президент олардың 55-і қызметке орналасқанын, жыл соңына дейін 100 адам қызметке қабылданатынын айтқан.

«РЕЗЕРВТЕГІ» ӘКІМДЕР

Осы аптада Алматы облысы Алатау ауданының әкімі қызметіне Президенттік резервке енген Азамат Қалдыбеков тағайындалғаны белгілі болды. Ол бұған дейін Алматының жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында жұмыс істеп, сол кездегі қор басшысының қолынан «Қазақстанның конституциясына 20 жыл» медалімен де марапатталған. Facebook-тегі жеке аккаунтындағы ақпаратқа сенсек, А. Қалдыбеков – АҚШ-тың Duke университетінің түлегі. Жас шенеунік жақында ғана жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен орынбасарымен бірге ұсталған Шахмерден Рыспаевтың орнын алмастырды.

Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданының әкімін де резервтегілердің ішінен таңдады. Белгілі шенеунік, Қостанай, Ақмола облыстарын басқарған Сергей Кулагиннің ұлы Павел Кулагин қызметінен босатылып, орнына сол өңірдің тумасы Бақытжан Ақжаров жайғасты. Бұған дейін «Қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының» басшысы болған маман Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Берлиндегі Еуропалық академияда ғылыми тағылымдамадан өткен. Алматыда Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, әкім аппаратының бөлім бастығы қызметтерінде болған.

Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың айтуынша, кадрлық резервке оңтүстік астанадан 39 жас маман енген. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажанов резервке енген 39 жас маманның дені бизнес өкілдері екенін айтты. Қалалық әкімшілік тарапынан оларға ұсыныс жасалған, қазір олар ұсынылған қызметке келу/келмеу мәселесін ойланып жатыр.

ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫЛАРЫ «ЖАСАРДЫ»

Кеше Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев кадрлық резервке енген бірқатар азаматты министрлікте департамент басшысы етіп тағайындаған. Ведомствоның баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның мәліметінше, Ағзан Ширанов ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әкімшілік жұмыс департаментінің департаментінің директоры болды.

Дәурен Қазантаев аталған экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды. Қызылорда облысында дүниеге келген 35 жастағы азамат бұған дейін Энергетика министрінің кеңесшісі болған. Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Мемлекеттік қызметте 12 жылдық өтілі бар.

«Маған біраз жерден хабарласты. Мысалы, Ақмола облысы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары етіп шақырды. Біраз облыстан департамент басшысы етеміз деген ұсыныстар түсті. Бұрын Энергетика министрінің кеңесшісі болдым, ол кезде экология саласы сол министрліктің құрамында болды. Сондықтан өзім қызыққан саланы таңдадым», - дейді «Azattyq Ruhy» тілшісіне қысқа да нұсқа жауап берген Д.Қазантаев.

Ал кадрлық резерв құрамындағы Зүлфия Сүлейменова климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары лауазымына орналасты. Аталған департаменттің директоры Олжас Ағабеков те кадрлық резерв құрамында бар. Бірақ ол әзірге жұмысын ауыстырған жоқ.

ЭКОНОМИКА, ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІКТЕРІ ОН-ОН «САРБАЗДАН» АЛДЫ

ҚР Ұлттық экономика министрлігі резервтегі 10 адамды жұмысқа қабылдап үлгерген. Олардың тізімін министрліктің баспасөз хатшысы Шыңғыс Ілиясов ұсынды. Ішінде бір департамент директоры, 6 департамент басшысының орынбасары, екі вице-президент пен хатшы бар.

Әсел Бірназарова – әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры;

Тимур Жазитов -  әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаменті директорының орынбасары;

Марат Оразбай – ішкі аудит департаменті директорының орынбасары;

Сәкен Түкібаев – мемлекеттік активтертерді басқару саясаты департаменті директорының орынбасары;

Айжан Арынова – макроэкономикалық сараптау және болжау департаменті директорының орынбасары;

Тілеубек Белгібердин – ішкі әкімшілендіру департаменті директорының орынбасары;

Дамир Тоқжанов – Бәсекені дамыту мен қорғау комитеті Қостанай облысы бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары;

Ардақ Жұмағалиев – «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ корпоративтік хатшысы;

Шынасыл Ерназар  – «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ бірінші вице-президенті;

Нұрбол Жаңабеков - «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ фронт-офисінің вице-президенті;

Сыртқы істер министрлігі ведомстваның жауапты хатшысы етіп резерв құрамындағы Әркен Өтенов тағайындады. Министр тағы да бос орындар болса, «300 спартандыққа» ұсыныспен шығуға дайын екенін айтты.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов резервке енгендердің ішінен екі жасты таңдап алыпты. Арман Ақсубаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қарағанды облыстық департаментінің басшысы, Айбек Сағынаев «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Жобалар басқармасының басшысы лауазымына орналасты. А.Сағынаев бұған дейін Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы жобалық менеджментті дамыту орталығының жетекшісі болған.

Сауда министрі жаңадан құрылған ведомстваға әлі де мамандар керек екенін айтады. Мысалы, Сыртқы сауда қызметі департаментінің ДСҰ-мен жұмыс басқармасының басшысы, Ішкі аудит департаменті аудит басқармасының басшысы, Сыртқы сауда қызметі департаментінің сауда келіссөздері басқармасының басшысы, тағы басқа бірнеше лауазым әзірге бос тұрғанын айтты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі резерв мүшесі Нұрбек Серіковті «Қазақстандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мен модернизациялау орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы етіп тағайындаған. Н.Серіков оқуды Түменде бітіріп, мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2012 жылы бастаған.

Сондай-ақ 22 қаңтардан бастап Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағы бір «резервист» Ардақ Өтепов кіріседі. Ал,  Нұрсұлтан Смаилов есімді резерв мүшесі «Казинжиниринг» АҚ-нің департамент директорының орынбасары лауазымына қабылданды.

Бұдан бөлек, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аталған тізімнен бірнеше адамды қабылдап, 10 шақты кандидаттың құжатын қарап жатыр. Ал Мәдениет, Әділет, Білім және ғылым, Ақпарат, Қаржы министрліктері әлі күнге дейін «300 жас элита өкілі» арасынан ешкімді қызметке алмаған.

Әзірге осы. Мақала тағы толықтырылады. Себебі, резервке енгендердің дені бұйырығын күтіп, көбінің құжаты комиссия қарауында жатыр.