АҚШ Ресейге қарсы тағы да санкция енгізбек
Жаңа санкциялар Ресейдің мұнай-газ саласын әлсіретуге бағытталған
Ресей әскері Украинаға басып кірген жағдайда АҚШ РФ-ға қарсы жаңа санкциялар енгізеді. Мұндай бастаманы АҚШ Сенатының халықаралық қатынастар бойынша комитетінің төрағасы, ықпалды сенатор Боб Менендес көтерді. Санкциялар пакеті Американың қорғаныс бюджеті жобасының бөлігі ретінде енуі мүмкін.
Қарастырылып жатқан заң жобасына сәйкес, Ресей тарапынан Украинаға қарсы қандай да бір агрессия көрсетілетін болса, АҚШ президенті Джо Байден санкцияларды мақұлдап, Украина аумағына «шабуыл жоспарлап немесе жүзеге асырып жатқан» ресейлік жоғары шенді әскерилерге және барлаушыларға қарсы визалық шектеулер енгізу тиіс.
Санкция әскерилерге ғана зиянын тигізіп қоймайды, сондай-ақ ресейлік банктер, мемлекеттік компаниялар, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар да айтарлықтай материалдық шығынға ұшырауы ықтимал. Мысалы, «Северный поток-2» газ құбырына қатысы бар кез келген жеке және заңды тұлға да санкцияларға ілінеді.
Қазан айының аяғынан бастап халықаралық басылымдарда Украинамен шекаралас аймақта Ресей өзінің әскерін күшейтіп жатқаны туралы хабар пайда болған енді. Ресми Киев алғашында бұны жоққа шығарды, алайда кейін Украина мен Ресейдің шекаралас аймағында және «уақытша оккупацияланған аймақтарда» 90 мың солдаттың жиналғанын мәлімдеді.
Америкалық басылым Politico Украина шекарасынан 300 шақырымда орналасқан Ельня қаласындағы броньдық техника мен артиллерияның спутниктен түсірілген суреттерін жариялаған болатын. Janes басылымы өз кезегінде Ресей Федерациясының 1-гвардиялық танк армиясының Мәскеу облысынан Воронеж қаласының маңына шоғырланғаны жайлы хабарлады. Ал, The Washington Post болса 41-армия «Запад-2021» әскери жаттығуларынан кейін Новосібір облысына кері қайтпай, Украинаға жақын маңайға барғаны жайлы жазды.
Кремль болса жарияланған осынау материалдарға қатысты өз пікірін білдірді. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, ресейлік әскери техниканың Ресей аумағындағы «белсенділігі» мемлекеттің «ішкі мәселесі». Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова өз кезегінде Ресей әскерилерінің Украина аумағына қарай бағытталуына қатысты мәлімдемелерді шындыққа жанаспайтын өтірік екенін мәлімдеді.
Айта кетерлігі, НАТО әскери альянсының төрағасы және еуропалық дипломатия төрағасы Жозеп Боррель халықаралық басылымдардағы ақпаратты растап, шара қолдану керектігін жеткізді.