$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.11.2021, 23:47
Саясат

Атышулы «Құмтөр» алтын кеніші толығымен Қырғызстанның мемлекеттік меншігіне өтетін болды

Қырғыз үкіметі инвесторлардың мүддесі тапталмайды деп айтқанына қарамастан, алтын кенішіне иелік еткен канадалық Centerra Gold компаниясы «жалған ақпаратқа» негізделген басып алу фактісі жайлы мәлімдеді

Атышулы «Құмтөр» алтын кеніші толығымен Қырғызстанның мемлекеттік меншігіне өтетін болды
РИА Новости

Қырғызстанның даулы «Құмтөр» алтын кеніші енді канадалық Centerra Gold компаниясының иелігінде емес. Бұл жайлы сенбі күні, 20 қарашада қырғыз үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров мәлімдеді.

«19 қараша күні Канада уақытымен биржалық саудалар аяқталған бойда, Centerra Gold компаниясы қырғыз халқының ұлттық байлығы – Құмтөр кеніші олардың иелігінде болмайтыны жайлы шешім қабылдады. Канадалық компания 926 миллион долларды шығыс есебінде шегеріп, алтын кенішінен бас тартуға мәжбү болды», - деп мәлімдеді үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министрдің айтуынша, алтын кеніші мемлекеттің меншігіне өтсе ол инвесторлардың мүдделлері тапталып жатыр деген сөз емес. «Қырғыз үкіметі алғашқы күннен бастап Centerra Gold басшылығын біздің елдің табиғаты мен экономикасына үлкен залал келтіргенін мойындауға шақырған. Министрлер кабинеті Қырғызстанның ұлттық мүддесі мен заңның үстемдігін қорғауды жалғастырмақ», - деді Жапаров.

Алайда, канадалық компанияның айтуынша, алтын кенішін қырғыз үкіметі тартып алған. Компанияның баспасөз қызметі қырғыз халқына арнап жариялаған мәлімдемесінде кенішті олардан тартып алынғаны жайлы айтылады. «Қырғыз үкіметінің негізсіз әрекеті салдарынан жоғары жалақы алып жатқан мыңдаған адамға және жүздеген қырғыз бизнес иелеріне үлкен кесірі тиіп кетеді деп алаңдаймыз», - делінген мәлімдемеде. 

Компания 1994 жылдан бері кеніштің жұмысын қамтамасыз етуге 3,4 миллиард доллар инвестиция құйғанын да атап өтті. Қоршаған ортаны қорғаудың және қауіпсіздік техникасының халықаралық стандарттары да сақталғаны да айтылды. «Біздің бастамамызбен «Құмтөр» Қырғыз Республикасының жұмыспен қамтушы ең үлкен жеке компаниясына айналды. Ең үлкен салық төлеуші бола тұра, біз Қырғызстан экономикасына және маңызды әлеуметтік бағдарламаларға елеулі үлес қостық», - деді компания басшылығы.

Естеріңізге сала кетейік, «Құмтөр» - Орталық Азиядағы ең ірі алтын өндіру кеніші. Ол Ыстықкөл облысында, Қытаймен шекарадан 60 км жерде орналасқан. Сонымен қатар, ол 4 мың метр биіктікте орналасқан. Биіктік жағынан «Құмтөр» Перудегі Янакоча алтын кенішінен кейін екінші орында. 

Серіктес жаңалықтары