«Америкалық болғаныма мақтанамын »: АҚШ-та Сәуле Омарованың кандидатурасын қарау бойынша тыңдау аяқталды

Azattyq Rýhy

Тыңдау барысында оның өткеніне қатысты көптеген сын айтылды

АҚШ Сенатының қабырғасында Қаржы министрлігіндегі басшылық қызметке Қазақстан тумасы Сәуле Омарованың кандидатурасын қарау бойынша екі сағаттық тыңдалым өтті. Бұған дейін Омарованың сайлануына үзілді-кесілді қарсы болған сенатор Пэт Туми бұл жолы да алған бетінен қайтқан жоқ, ол кандидаттың өткен өміріне қатысты жағымсыз мәліметтер жариялады.

«Профессор Омарова банк жүйесін ұлттандыру, бағаға мемлекеттік бақылауды енгізу, ақша жекенің игілігінде емес, қоғам мүддесіне деген идеяны қолдайды, экономикалық инновацияларды және экономикалық еркіндік пен таңдауды шектеуді, корпорацияның директорлар кеңестеріне Үкіметтің орын алуын қолдайды», - деді Туми.

Оның айтуынша, Омарованың идеясы социалистік көзқарасты бейнелейді.

«Осындай көзқарасы бар адамды Американың ұлттық және басты реттеуші банкін басқаруға тағайындау алаңдауға және қорқуға тұрарлық жағдай», ˗ деді ол.

Огайо штатының демократы Шеррод Браун республикашыларға Омарованың КСРО-да өскенін айтып, ақпараттық шабуыл жасаған.

Тыңдау барысында Луизиана штатының сенаторы Джон Кеннеди: «Сізді не профессор, не жолдас деп атарымды білмеймін», - деді. Осылайша ол Омарованың КСРО-да туып-өскенін, комсомол қатарында болғанын меңзеді.

Сәуле Омарова: «Мен Кеңес Одағында туып-өстім. Онда барлық адам осы ұйымның мүшесі болды. Бұл мектептегі қалыпты жағдай», - деп қысқа жауап берді.

Сонымен қатар, Кеннеди Омарованың аталған ұйымнан ресми түрде шыққанына қызығушылық танытып, Омарованы кандидатурадан жазбаша түрде бас тартуын талап ете бастағанда, Шеррод Браун: «Ол кеңес азаматтығынан бас тартты», ˗ деді.

Артынша Қазақстан тумасы: «Мен коммунист емеспін. Бұ идеологияны қолдамаймын. Мен ешқашан өзімді осындай топқа жатқызған емеспін және марксистік немесе коммунистік пікірталастарға қатысқан жоқпын», ˗ деп жауап берді. Сөзінің соңында: «Мен бұл елге келдім. Америкалық болғанымды мақтан етемін», ˗ деді.

Еске салайық, кеше америкалық БАҚ-тар Сәуле Омарованың 1995 жылы Висконсин штатында ұрлық жасағанын жарыса жазған болатын. Ол кезде 28 жаста болған әйел 214 доллар тұратын тауарды қолды қылған. Оның ішінде төрт жұп аяқ киім, екі бөтелке әтір су, екі белбеу және шұлық бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.