Тоқаев: Жүк көліктері әлі Қытай шекарасында тұр
«Даулы мәселе туындаса, ұлттық мүддемізге сай жұмыс жүргізуге ұмтыламыз...»
Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ кәсіпкерлерінің мүддесі қорғалмай отыр, деп мәлімдеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Сыртқы істер министрлігі ерекше мәртебеге ие болып, Премьер минисрінің орынбасары деңгейіне көтерілді. Осыған орай, министрлік тығыз мекеме аралық үйлестіру жұмысын тиімді атқару керек. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс өзара ықпалдастық әлсіз. Жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Бұл біраздан бері жалғасып келе жатқан кері үрдіс. Ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиісті жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Бұған қоса, жүк көліктері Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің мүддесі көрші елдердің алдында қорғалмай отыр», − дейді Президент.
Оның айтуынша, осындай келеңсіздіктер халықтың өмір сүру сапасына кері әсер етеді. Сыртқы істер министрлігіне елге шетелден келетін инвестициялар ағынын арттыруға және экспорттың әлеуетін көтеруге басымдық беру керегін атап өтті.
«Қазір әлемде геосаяси текетірес орын алуда. Қазақстан ешкіммен жауласпайды. Халықаралық дауларға ілікпейді. Біздің таңдаған жолымыз айқын. Даулы мәселе туындаса, ұлттық мүддемізге сай жұмыс жүргізуге ұмтыламыз», − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы