Түркілер біріксе, әлеуетеміз арта ма?
Түркі мемлекеттерінің алдында бірлесе, біріге шешетін мәселелер күн сайын артып барады
«Бір ұлт, алты мемлекет». Соңғы жылдары Түркияның ресми билік өкілдері бұл тіркесті жиі айтады. Бұған дейін Әзірбайжанға бауырластығын таныту үшін қолданылып келген «Бір ұлт, екі мемлекет» ұраны өз миссиясын атқарып тастады. Таулы Қарабақ мәселесіндегі Түркияның әскери, саяси қолдауы екі бауырлас халықты бұдан да жақындастыра түсті. Жақында Ыстанбұлда Түркі елдері президенттерінің қатысуымен өткен саммит интеграциялық процестердің нығая түсуіне кеңірек жол ашқан сияқты. Ең алдымен, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» өз атауын өзгертіп, бұдан былай «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталатын болды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» туралы арнайы шешім де қабылданды.
Ұйымға бақылаушы болған Түркіменстанның орнын түрік президенті Режеп Тайып Ердоған баса айтты. Венгрия мен Украинаның да бақылаушы мемлекеттер ретінде маңызы зор. Венгрия НАТО мен Еуроодаққа кіреді, Украинаның да Батыс әлемімен интеграциясы қарқынды даму үстінде. Түркияның еуропалық одаққа кіруіне көптеген кедергілер қолдан жасалса да, оның аймақтағы маңызы, адами капиталы, экономикалық, әскери, мәдени әлеуеті зор. Соңғы жылдары түркі тілдес елдердің демографиясы да қарыштап дамып жатыр, статистикалық деректерге сенсек, Түркияның халық саны – 83,6 млн, Қазақстан – 19 млн, Әзірбайжан – 10 млн, Өзбекстан – 35 млн, Қырғызстан – 6,6 млн, Түркіменстан – 6,1 млн адамға дейін өскен. Жалпы, 160 млн адамның өзі үлкен экономика, нарық.
Түркі мемлекеттерінің алдында бірлесе, біріге шешетін мәселелер күн сайын артып барады. Бұл орайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен ұйымның экономикалық, гуманитарлық, экологиялық ынтымақтастыққа баса мән беруін екшеп айтса, Қырғызстан президенті Ауғанстан мәселесіне назар аудартып, «Орталық Азия – бейбітшілік территориясы» платформасын құруды ұсынды. Өзбекстанды сауда-саттық, көлік пен транзит мәселелері ерекше алаңдатады. Түркі мемлекеттері климаттың өзгеруі, пандемия, азық-түлік қауіпсіздігі, Ауғанстанға гуманитарлық көмек, ондағы адам құқықтарының сақталуы, терроризммен күрес, т.б. өзекті мәселелерге біріге жауап беруі керек. Жалпы, Түркі әлемінің интеграциясы Орта Азия мен Әзірбайжанға не береді? Аймақта болып жатқан соңғы теке-тірестер түркі әлеміне қалай әсер етеді?
Қазақстанның транспорттық потенциалын пайдаланған дұрыс
Ерлан САИРОВ, Мәжіліс депутаты:
– Төрткіл дүниеде өте үлкен әрі күрделі геосаяси процестер болып жатыр. XX ғасырдың 90-шы жылдары аяқталған екі саяси лагерьдің арасындағы күрестің сарқыншақтары бүгін өз жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі таңда кейбір елдер басқа мемлекеттерге өзінің территориялық алакөздігін де ашықтан-ашық көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстанға әртүрлі бағытта, әртүрлі салада одақтастар іздеу керек. Осы тұрғыдан түркі әлемін, түркі елдерінің интеграциялық потенциалын пайдаланған дұрыс. Түркі елдерінің өз ішінде әртүрлі өзгешеліктері бар. «Мың жылдың ішінде көзден кетсең, жүректен кетесің» дейді қазақ. Мың жылдың ішінде салт-дәстүр, мәдениет те алшақтап кеткен. Дегенмен, әрбір халықтың бойында тарихи сана бар. Сол тарихи сана біздің бір екенімізді, өткеніміздің бір екенін жаңғыртып отырады.
Түркі әлемі елдерінің экономикалық потенциалы өте жоғары. Яғни, 160 млн халықтың нарығы қандай да бір тауарды тұтынуға даяр. Сондықтан, менің ойымша, біз мәдениетімізді бір-бірімізге жақындата беруіміз керек. Екіншіден, экономикалық, инфрақұрылымдық саладағы жобаларды іс жүзіне асыратын болсақ, онда біз түркі бағытында практикалық нақты нәтижелерге жетеміз. Мұның өзі сыртқы күштерге үлкен белгі болмақ.
Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанның түркі әлемі үшін рухани маңызы өте жоғары. Өйткені түркі халықтарының көбінің тарихи Отаны – Қазақстан. Сондықтан Қазақстандағы түркі әлеміне ортақ киелі жерлердің рухани потенциалын пайдаланып, туризм саласын дамыту керек. Бұл дегеніңіз – Алтай, Сырдария, қасиетті Түркістан. Түркі әлемі үшін Қорқыт ата, Яссауи бабамыз, сонымен қатар, Алтайдың төл балалары Аттила да киелі. Осы нақты тұлғаларды туристерді өз елімізге тарту үшін рухани потенциал ретінде пайдалануымыз керек. Сонымен қатар, Қазақстанның транспорттық потенциалы зор. Мәдениет саласына келер болсақ, ең негізгі мәселе, «Қазақстан – түркі әлемі халықтарының Отаны» деген сериямен әртүрлі деректі, көркем фильмдер де түсіруге болады.
Интеграция баяу жүретін процесс
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, журналист, әскери сарапшы:
– Негізі бұрынғы Түркі кеңесі, қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы интеграциялық процестер соңғы 3 жылда жедел қарқын алды. Бұл ұйым аясындағы құрылымдардың түрлі байланыстары нығайды. Бірқатар жобалар нақты нәтижесін бере бастады. Айталық, Халықаралық Түркі академиясы тарапынан жасалған ортақ түркі әдебиеті, тарихы, жағрафиясы тәрізді оқулықтардың бірқатары дайын болса, біразы әзірлену үстінде. Осы ұйымға мүше елдер өз мектептерінде бұларды факультатив пән ретінде қабылдауға келіскен. Яғни, бұл жағынан қарайтын болсақ, интеграцияның мәдени-гуманитарлық, ғылыми бағыты әжептеуір алға басты деген сөз. Әрине, Түркі кеңесінің саммитетінде айтылған көптеген идеялар әлі толық жүзеге аса қойған жоқ, бірақ ілгерілеу бар. Мәселен, Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан арасында Еуропаның шенген визасына ұқсас туризм визасын ашу мәселесі қарастырылған. Түбінде бір-екі жылдың көлемінде бұл бастама толық нәтижесін беретін шығар. Әлбетте, интеграция баяу жүретін процесс. Өйткені әр мемлекеттің өзіндік даму бағыты, стратегиясы, мүддесі бар.
Жалпы, түркі халықтарының қазіргі әскери, мәдени, экономикалық әлеуетін сараптағанда, ең алдымен әскери рейтингтерге тоқталған дұрыс. Өйткені былтыр Әзірбайжан Таулы Қарабақты, өзінің заңды территориясын басқыншылардан азат еткеннен кейін бауырлас халықтар арасында әскери ынтымақтастықтың артқанын қалайтын азаматтардың қарасы көбейді. Бұл жерде Таулы Қарабақта Түркия әскерлерінің, әскери мамандардың кеңесі және түрік тарапынан берілген қару-жарақтың айырықша қызмет атқарғанын атап өту керек. Алайда Әзірбайжанның қарулы күштері тек қана түріктің байрақтарынан жасақталған жоқ, соңғы 20 жылда қару-жараққа бөлінген соманың ішінде кемі 5 млрд долларға жуық қаржы Ресейдің қару-жарағын сатып алуға бағытталған болатын.
Қазақстанда 2018 жылдан бері Түркияда маман дайындау және түрік техникасын елімізде сынақтан өткізіп, егер жарайтын болса қарулы күштер қатарына алу мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр. Оның үстіне біздің қорғаныс өнеркәсібі кешенінде Түркияның бірқатар компаниялары жұмыс істейді. Дегенмен, бұл мәселені тек әскери әлеуетпен бағалағанымыз дұрыс емес. Айталық, Global Firеpower рейтингінде Әзірбайжан Қазақстанның артында қалады. Алайда тәжірибеге келер болсақ, Әзірбайжан Қарулы күштерінің тәжірибесі Түркиядан кейін түркі мемлекеттерінің арасында екінші орында тұрған шығар.
Мәдениетке келсек, қазір әлемде Түркияның өзі сериал сатудан Америкадан кейін екінші орында тұр. Біз, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан Түркия нарығына өз өнімдерімізді толық ұсына алмай жатырмыз. Экономикалық әлеуетімізді айтсақ, өкінішке қарай, түркі мемлекеттерінің өзара сауда қарым-қатынастары, бір-біріне инвестиция салуға келгенде, көңіл көншітерлік деңгейде емес. Айталық, Қазақстанның Ауғанстанмен арадағы сауда айналымы Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстаннан да көп. Былтыр 600 млн доллардан астам тауар айналымы болды. Демек, осының өзі біз бауырлас елдермен сауда-саттық жасаған кезде бір-бірімізге нақты тауар ұсына алмайтынымызды көрсетіп тұр. Рас, Өзбекстанмен сауда айналымы өзге түркі мемлекеттеріне қарағанда, Түркиядан кейін екінші орында тұр. Соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстан Түркиямен арадағы сауда айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу мәселесін қарастырған. Өкінішке қарай, менің білуімше, қазірше 5 млрд долларға дейін де жете қойған жоқ. Демек, экономикалық әлеуетіміздің, ұсынатын өнімдеріміздің әртүрлі болуына байланысты Орта Азиядағы түркі мемлекеттері және Әзірбайжан көп жағдайда тұтынушы ретінде қалып отыр. Қалай дегенмен, Түркия G20, яғни, дамыған экономикалардың қатарына кіреді.
Түркілер ынтымақтастығынан тек жақсылық күтеміз
Мақсат ЖАҚАУ, аймақтанушы:
– Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті әрине түркі халықтарына үлкен қуаныш сыйлады. Екіншіден, бұл тарихи әділ бағасын алған әрі түркі халықтарының түбі бір атадан тарайтынын аңғартқан шара болды. Саяси тұрғыдан айтсақ, бұл ұйымның аясында болашақта одақ қалыптасады деуге әлі де ертерек. Дегенмен, тілі, діні, тарихы, ділі бір кеңеске кіретін елдердің экономикалық, мәдени бағыттары күшейе түсетін орта, алаң қалыптаса бастайды. Бұл әрине көрші мемлекеттерді ойландырмай қоймайды. Бұл жерде Ресейдің екі уайымы бар. Біріншіден, менің түсінігімде, олар Ресей федерациясының тұтастығын ойлайды. Себебі федерация құрамында басым бөлігі түркі тілдес автономилы республикалар, аймақтар, облыстар бар. Атап айтсақ, Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Саха сияқты елдер бар.
Екіншіден, түркі тілдес халықтардың, әсіресе Түркияның осы кеңестің әлдеқайда саяси ірі ұйымға айналып кете ме деген күдігі бар. Бұл идеологиялық тұрғыдан күдіктенетін дүние. Себебі тарихи ортақ дүниелер көп. Өзара түсіністік жоғары деңгейде. Меніңше, бұл саяси одақтан гөрі барынша қазіргі заманауи нарықтық талаптарға сай экономикалық, интеграциялық бағыттағы ұйым болғаны дұрыс шығар. Бұған мысал ретінде Азиялық тынық мұхиты елдерінің ынтымақтастығын алсақ болады. Олар саяси одақтан гөрі, дербес мемлекет ретінде экономикалық бағытта өрлеуді қалады. Мәселен, соның арқасында өркендеген Малайзия, Индонезия, Филиппин, Сингапурды, Оңтүстік Кореяны мысалға келтіре аламыз. Керек десеңіз, Еуропалық одақтың өзі де бірден саяси одақтан басталған жоқ. Олар ең алдымен бірігуді экономикалық ынтымақтастықтан бастады. Кеден одағына аяқ басты. Олардың бұл жолды жүріп өту уақыты жарты ғасырдан асты. Оған дейінгі жарты ғасыр, бір ғасырда идеялық тұрғыда интеллигенция, саясаткерлердің талқысы болды. Меніңше, түркі тілдес ұйымы мемлекеттері де осы кезеңнен өтуі керек сияқты. Сол кезде ғана біз көрші алып мемлекеттердің де сескенуінен арыламыз.
Жалпы, бұл ұйым Еуразиялық одақ сияқты басқа да халықаралық құрылымдарға әсер етпейді деп ойлаймын. Себебі кез келген халықаралық ұйымның, интеграциялық бағыттағы кеңестің өзара келісімдері болады және олар сақталып отырады. Бірақ әр мемлекет қандай халықаралық ұйымда әрекет ететінін өзінің ұлттық мүддесі тұрғысынан шешеді.
Бұл жерде Орталық Азия елдерінің дамушы мемлекет ретінде және экономикалық, демографиялық тұрғыдан дамып келе жатқанымызды ескеруіміз керек. Мысалы, Ресей халқы 146 миллионнан 142 миллионға дейін азайып бара жатқан мемлекет. Ал Түркия халқы 82 миллионнан асып бара жатқан ел. Орталық Азия елдерінің де халқы, экономикалық, демографиялық жағынан да күш-қуаты еселеніп келе жатыр. Түркия тігін өнімдері, құрылыс, мейрамхана, қонақ үй, қызмет көрсету бағытында әлемдік бестікке кіреді. Біздің де тәжірибе алмасу бағытында бауырлас елден үйренеріміз көп.