«Қурағанша құшақтап жат»: соңғы қоңыраудан кейін 101 раушан гүлін арзанға сатқан түлектер сынға қалды
Хабарландыруда 150 мың теңгеге сатып алынған 201 дана гүл бар-жоғы 60 мың теңгеге бағаланған
Әлеуметтік желіде 101, 201 дана ақ, қызыл, алқызыл раушан гүлдер арзан бағада сатылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Хабарландыруға көз жүгіртсек, бір метрлік 101 дана ақ раушан гүлі мен қызғылт түсті 9 дана шарын небәрі 50 мың теңгеге сатылымға қойылған. Ал енді бірі 150 мың теңгеге сатып алынған 201 дана гүлін бар-жоғы 60 мың теңгеге бағалапты. Тағы бір сатушы үлкен себеттегі бір құшақ гүлін 45 мың теңгеге қойыпты. Келісіп, бағасын тағы да арзандатуға болатын көрінеді.
Желі қолданушылары гүл иелері 25 мамыр күні мектеп бітірген түлектер деген болжам жасап, түрлі пікір білдірді.
«Алмаңдар гүлдерін, құшақтап жатсын қурағанша», «Кедейдің кербезінен сақта деп бекер айтпаған. Жағдайлары бола тұрып гүл алмай, адамша тойлаған жастарға ризамын», «Мақтану үшін алдырғандарын білемін, бірақ дәлелдей алмаймын», «Сол гүлді алғанша жылап-еңіреп алғызды ғой әке-шешесін ойламай, мақтан куғандар», «Кедейміз десек аузымыздан ұрады ғой, мынандай даңғазалықтан соң», – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, осыған дейін соңғы қоңырау күні гүл сыйлап жарысқандар сынға қалғаны хабарланған болатын.