«50 мың доллар»: Еркебұлан Тоқтар гонорарын оқырманының еміне берді
Спортшы келесі жекпе-жегінің гонорарын алдын ала алып, емге қажет қаражатты отбасыға шұғыл аударуды сұраған
Аралас жекпе-жек шебері әрі актер Еркебұлан Тоқтар онкологиялық ауруға шалдыққан анасына емге қаражат жинап жүрген оқырманына көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға спортшы Instagram парақшасында эмоционалды видео жариялағаннан кейін көпшіліктің назарын аударды. Бейнежазбада Еркебұлан оқырманы Жасқанаттың анасына шұғыл ем қажет екенін айтып, 50 мың доллар (23,5 млн теңге) көлемінде қаражат жиналып жатқанын көрсеткен.
Видео түсіріп отырып, спортшы Мұхамеджан Қонысбековпен байланысқа шығып, келесі жекпе-жегі үшін берілетін гонорарды алдын ала төлеуді сұраған.
«Бұл – менің оқырманым. Анасы қатерлі ісікке шалдыққан. Оларға ем үшін шұғыл ақша керек», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Кейін қажетті қаражаттың отбасыға табысталғаны белгілі болды. Жасқанат та видеоүндеу жариялап, спортшыға алғыс айтты.
«Қуаныштан жылап отырмын, қолым дірілдеп тұр. Қолдау көрсеткендеріңізге үлкен рақмет», – деді ол.
Еркебұлан Тоқтар MMA жекпе-жектерінен бөлек, қазақстандық сериалдар мен фильмдердегі рөлдері арқылы да танымал.