«Министрліктің сол қолы оң қолының не істегінін білмейді»: Мәжіліс Төрағасы ҰЭМ басшысы ұсынған Заң жобасын екінші оқылымға қалдырды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу жөніндегі шараларға қатысты ұсыныстар айтылды
Мінберде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет әзірлеген заң жобасында бизнес есептілігін цифрландыру тәсілі қарастырылғанын атап өтті. Алайда бұл тұста Мәжіліс депутаты Вера Кимді ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлердің жағдайы алаңдатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Заң жобасында ақпараттық реттегіш құралдарды, есептерді, хабарландыруларды кәсіпкерлер тек электрондық нұсқада ұсынуы көзделген. Ал оны орындамаған жағдайда кәсіп иесі жауапқа тартылады. Бірақ интернетке қосылмаған аймақтардағы кәсіпкерлердің жағдайы қалай болмақ?», - деді өз сұрағында межіліс депутаты.
Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин еліміз бойынша 6 341 ауыл интернетпен қамтылғанын хабарлады.
«Бұдан бөлек 768 ауылдағы интернеттің күші әлі әлсіз, ал 1 178 елді мекенге желі мүлдем тартылмаған. Оның ішінде 617 ауыл 2025 жылға дейін төмен орбиталық спутниктік жүйе есебінен байланыспен қамтылатын болады», - деді Асқар Жамбакин.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрлігінің «Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» әзірлеген заң жобасының қисынсыз екенін айтты.
«Министрліктің сол қолы оң қолының не істегінін білмейді. Цифрлық даму министрлігі 2025 жылға дейін деген мерзімді атады. Ал мұнда «1 қаңтардан бастап» деген мерзім көрсетілген. Оның үстіне есепті электронды түрде өткізбегендерді жаза тарту көзделген. «Атамекен» ҰКП осының бәрін біле тұра, келісімдерін беріп отыр. Осы жерге келген кезде көздері ашылды. Әрине, цифрландыру жүйесінің тиімділігіне ешкім күмән келтірмейді. Бірақ бұл жұмыс белгілі бір дайындықты талап етеді», - деді Нұрлан Нығматулин.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы кәсіпкерлердің мұндай жүйеге толықтай өтуіне әлі де дайын болмауы мүмкін екендігін алға тартты.
«Мысалы ауылдағы шағын дүкенді алсақ, ол жерде бір ғана адам жұмыс істейді. Иесі де, сатушы да, бухгалтері де сол кісі. Оның компьютері, планшеті, басқа да электронды техникасы болмаса ол цифрлық құжаттармен қалай жұмыс істейді? Қалай есеп тапсырады? Қазіргі қолданыстағы Заңнамаға сәйкес шағын бизнес өкілдері барлық реттеуші мемлекеттік органдарға қажетті ақпараттарды екі түрлі нұсқада ұсына алады: қағаз түрінде және электронды түрде. Енді сіздер екі түрлі форманы алып тастап, тек цифрлық есепті енгізуді ұсынып отырсыздар. Ұлттық экономика министрлігінің аргументі: халықаралық рейтингте позицияны көтеру. Осы рейтингтің артынан қуумен болдық. Ақыры халықаралық рейтингтің түкке қажеті жоқ болып шықты, олардан бас тартты, жойып жіберді», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Айта кетейік, өз кезегінде Мәжіліс депутаттары ұсынылған заң жобасына кәсіпкердердің есеп беру тәсілін қағаз және электронды түрде орындау мүмкіндіктерін сақтау туралы түзету енгізді.