$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.12.2019, 13:09
Саясат

Жаңа Президент, «қорқақ» Үкімет: 2019 жылдың басты саяси оқиғалары

2019 жыл Қазақстан үшін саяси оқиғаларға бай жыл болды. «Azattyq Ruhy» тілшісі солардың ең маңызды дегендеріне шолу жасады

Жаңа Президент, «қорқақ» Үкімет: 2019 жылдың басты саяси оқиғалары

ЕЛБАСЫНЫҢ ШЕШІМІ

Жылдың емес, соңғы 30 жылдың басты оқиғасы 19 наурызда болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігіні тоқтататынын мәлімдеді. 

«Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес... Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы қызметінен кеткенімен, Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) статусын, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі лауазымдарына ие.  

ТОҚАЕВТЫҢ КЕЛУІ

Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтататыны туралы шешім қабылдағаннан кейін, бұрынғы Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болатыны туралы айтты. 20 наурызда Парламенттің бірлескен отырысында Қ.Тоқаев ант қабылдап, мемлекет басшысы қызметіне кірісті. Ал 9 сәуір күні өзі елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіндігін хабарлады. «Мен қазіргі мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың әділ, ашық өтетініне кепілдік беремін. Бұл менің принципиалды позициям», - деді ол. Негізі кезекті Президент сайлауы Қазақстанда 2020 жылы өтуі тиіс болатын.

САЙЛАУ ЖӘНЕ ҚОСАНОВ

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Оған 6 кандидат тіркелді. «Nur Otan» партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ақжол» партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» партиясынан Төлеутай Рақымбеков, коммунистік партиядан Жамбыл Ахметбеков түсті. «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен Сәдібек Түгел, кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов шықты. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосанов қана потенциалды кандидат бола алды. Сайлау нәтижесінде 70,96%-пен Тоқаев жеңіске жетті. Қосанов 16,23%-пен екінші орынға шықты. Дания Еспаева сайлаушылардың 5,05%-ын дауысын алды. Қалғандарының жинаған дауысы 3%-дан аспады.

Экзит полл нәтижесінен кейін Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясының нәтижесін күтпестен Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады. Сол сәттен бастап дауыс берушілер одан теріс айналды. «Ақорданың жобасы» деген айдар тақты. Ел арасындағы беделі түсіп, ашық айыптаушылар көбейді.

12 маусым күні Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың иннаугурация өтті. Салтанатты рәсімге Әміржан Қосановтан басқа кандидаттардың барлығы қатысты.

Сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылған жоқ және бұл сайлау кандидаттардың қатарында әйел адам болған  тұңғыш саяси оқиға ретінде есте қалды.

МИТИНГІЛЕР

9-10 маусым күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында рұқсат етілмеген митингтер өтті. Көшеге шыққандар президенттік сайлаудың әділ еместігін алға тартты. ІІМ-нің мәліметінше,  маусымның 9-ы мен 13 аралығында Қазақстан бойынша 4 мыңға жуық адам ұсталған. 3 мың адамға хаттама толтырылып, босатылған. 677 адам қамалып, 305 азаматқа айыппұл салынған.

Полиция митинг Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық қозғалысы» ұйымының ұйымдастуымен болғанын айтты. Қарсылық акциялары Шымкент, Алматы қалаларында да болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маусымда журналистерге өткізген пресс-конференциясында митингке шыққандар басқа азаматтардың тыныштығын бұзғанын атап өтті.

«Сондықтан олар тыныштығын қамтамасыз ету үшін полицияға арызданды. Мен кәсіби жұмыстары үшін полиция қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Үш полицей жарақат алып, ауруханаға түсті. Ал қарсылық акциясына шыққандармен диалог орнату қажеттігін айтқым келеді», - деді ол митингке қатысты.

ҰЛТТЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІ

Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен халық арасында диалог орнатып, сенім қалыптастыру үшін 17 шілдеде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Кеңес беруші органның негізгі қызметіне мемлекеттік саясаттың маңызды сұрақтары бойынша ұсыныстар әзірлеу, жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау кіреді. Оның құрамына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, журналистер, белгілі кәсіпкерлер мен саясаттанушылардан тұратын 44 адам кірді. 

6 қыркүйек күні ҰҚСК-нің алғашқы отырысы өтті. Митингтер туралы заңға, зейнетақы қорына, әйелдер құқығына, жер кодексіне және тағы басқа мәселелерге қатысты ұсыныстар айтылды. Ұйымдастырушылар кеңес отырысы алдында журналистерді залға, дәлізге өткізбеді. Дәлізді қызыл лентамен екіге бөліп қойды. Бұл БАҚ өкілдерінің наразылығын тудырды.

20 желтоқсанда ҰҚСК мүшелері екінші рет бас қосты. Бұл жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты шешімдерге тоқталды. Мысалы, шетелдік жұмыс күшін 29000-ға дейін азайтуды айтты. Саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдейді. Партияны тіркеу үшін енді оның мүшесі кемінде 40 мың емес, 20 мың адам болуы керек. Ал қылмыстық кодекстегі 130 баптың қылмыстық сипаты алынып тасталып, «жала жабу» бойынша кінәлі деп танылғандарға тек айыппұл салынатын болды. 174-бапқа да өзгеріс енгізіледі. Президент бұл бапты гуманизациялап, ондағы «алауыздықты қоздыру» деген сөзді «арандату» сөзіне ауыстыруды ұсынды.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы митингтерге рұқсат алып емес, ескертіп шыға беруге мүмкіндік беретін нақты заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді.

Айтпақшы, кеңестің екінші отырысында ұйымдастырушылар журналистерге лентамен емес, биік баннермен «бөгет» қойды. Мұны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «декорация» деп түсіндіргісі келді.

«ҚОРҚАҚ» ҮКІМЕТТІҢ ОТСТАВКАСЫ

Жылдың елеулі саяси оқиғаларының бірі ретінде Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкімет отставкасын атап өтуге болады. 21 ақпан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев министрлер кабинеті өз жұмысын лайықты атқара алмағанын мәлімдеп, оның отсавкасы туралы жарлыққа қол қойды.

«Қабылданған заңдарға, Үкімет шешімдеріне қарамастан, экономиканың көптеген бағыттары бойынша оң өзгерістерге қол жеткізілмеді. Ішкі жалпы өнім негізінен шикізат ресурстары есебінен өсті. Бірақ, Үкімет пен Ұлттық банк ел экономикасын сапалы дамытуға серпін беретін нақты құралдарды толыққанды жасап шығара алмады.   Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына жасалған талдау қорытындысы олардың орындалып жатқанын көрсеткенімен, көптеген маңызды бағыттар бойынша нақты нәтижелердің жоқ екенін аңғартты.  Өнімді жұмыс орындары жеткілікті түрде ашылмай отыр... Шағын және орта бизнес өсімнің қозғаушы күшіне және оны дамыту ісі әкімдер мен министрлердің негізгі міндетіне айналмады. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті», - деді Н. Назарбаев мәлімдесінде.

Екі жарым жыл Үкіметті басқарған Бақытжан Сағынтаевқа Елбасы әрқашан «халық пен мемлекеттің мүддесі жолында» шешім қабылдайтынын айтып, оған алғыс білдірді. Оның Үкіметін Назарбаев алдыңғы кеңейтілген отырыста «министр емес, шешім қабылдай алмайтын қорқақсыңдар» деп сынағаны да бар еді.

25 ақпанда жаңа Премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды. Бірқатар ведомстволардың басшылары ауысты. Ал Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік хатшы болды. 20 шақты күннен кейін Президент әкімшілігі қызметіне барды. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев оны Алматыға әкім етіп жіберді.

АСТАНА – НҰР-СҰЛТАН

20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке ант қабылдағаннан кейінгі сөзінде Астананың атын Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ауыстыру керектігі туралы мәлімдеме жасады. Қалалардың орталық көшелеріне де Елбасының есімін беру керектігі туралы айтты. Сол күні Парламенттің қос палатасы Конституцияна тиісті өзгерістер енгізді. 23 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Елорданың жаңа атауына қарсы болғандар петиция жариялап, қол жинады.

Қазір Қазақстанның бірнеше қаласының орталық көшелері Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталады.

ЖУСАН ОПЕРАЦИЯСЫ

Қаңтар айында Қазақстан Сириядан өз азаматтарын қайтару бойынша «Жусан» операциясын өткізді. Құпия жұмыстың нәтижесінде елге 47 азамат, оның ішінде 30 бала елге әкелінді. Олар Қазақстанда медициналық көмек алып, арнайы орталықтарда адаптациядан өткізілді.

7-9 мамыр күндері еліміздің арнайы қызметтері «Жусан-2» операциясын ұйымдастырып, Қазақстанға Сириядан 59 әйел мен 156 бала қайтарылды. Оның ішінде 18 бала жетім. Әкелінгендердің арасында 16 халықаралық террористік ұйымдардың мүшелері де бар. Қазақстан соты оларға 14 жылға дейінгі жаза кесті.

Мамырдың аяғында «Жусан-3» операциясы арқылы елге тағы да 67 әйел мен 171 бала әкелінді. Олардың ішінде де 9 жетім бар. Сонымен, 3 кезеңмен өткен «Жусан» операциясымен елге 530 адам қайтты. Құпия операцияның «Жусан» деген атауы қазақ үшін қасиетті саналатын жусан шөбіне байланысты болған. Халқымызда «жусан иісі» деген сөз «туған жер, отан» деген сөздермен астасады.

Ал қараша айының соңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапырмасымен Қазақстанға террористік әрекеттерге араласып, Ирак түрмесінде отырған қазақ әйелдерінің балалары қайтарылды. 14 баланың ең үлкені 13 жаста, ең кішісі екіге әлі толмаған.

ЖАСТАР ЖЫЛЫ

2019 -  Қазақстанда жастар жылы ретінде де тарихта қалады. Қаңтар айының 23-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар жылын салтанатты түрде ашып беріп, жаңа буын өкілдерінің ұсыныстарын тыңдаған. Жыл бойына жастар үшін бірқатар игі шаралар жасалды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3000 жалдамалы пәтер берілді. Үш жылда оның саны 9 мыңға жетуі тиіс. Пәтер үшін жастар ай сайын 10-15 теңге төлейді.  Ең қажет 100 мамандық бойынша мамандар даярлайтын «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асып жатыр.. Ал микрокредит, арнайы оқыту, жастар тәжірибесі бағдарламалары бойынша 200 мың жас жұмыс тапқан. 18 мың жас бизнес негіздері бойынша білім алған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жастар жылы бойынша көп жобалар үш жылға жоспарланғандықтан, әлі нақты қорытындылар шығару ерте дейді.

Ел арасында «жастар жылы тек имидждік іс-шаралармен өтіп кетті, жастарға нақты қолдау көрсетілмеді, саяси оқиғалар көлеңкесінде жастар ескерусіз қалды» деген пікір басым. 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» деп жарияланды.

Дайындаған Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары