КВН-шы Президент, Huawei-дің ауыр хәлі, түңілген Тунберг – 2019 жылы дүниені дүр сілкіндірген оқиғалар
«Azattyq-Ruhy» 2019 жылы дөңгеленген дүниені дүр сілкіндірген оқиғаларға шолу жасады
ҚИЯЛДАН ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛҒАН КЕЙІПКЕР
Биыл Украинада жетінші рет Президент сайлауы өтті. Науқанның алғашқы туры 31 наурызда, екінші туры 21 сәуірде болды. Саяси дода өте қызу болды. Елдің бұрынғы Президенті Петр Порошенко мен актер Владимир Зеленский, үлкен алаңда дебат өткізді. 22 мың адам жиналған пікірталаста Зеленскийдің басым түскені анық байқалды. Екінші турдың қорытындысы бойынша актер кандидат 73,23% дауыс жинап, алға шықты. П. Порошенко жеңілгенін мойындап, видеоүндеу жасады.
Сайлаудан кейін В.Зеленский бірнеше жүрекжарды мәлімдемелер жасап үлгерді. Мысалы, ант қабылдау рәсімі кезінде «Президент икона емес, идол емес, портрет емес. Сондықтан кабинеттерге менің суретімді ілуге тиым саламын. Орнына өз балаңыздың портретін іліп, шешім қабылдарда оның көзіне тіке қараңыз» дегені кең тарап кетті. Бұдан бөлек ол Ресей басшысы Владимир Путинді Қырым, Донбасс жерлері бойынша ашық әңгімеге шақырды.
«Слуги народа» сериалы арқылы Украин халқы алдында ұпай жинап, сүйікімі артқан әртістің тісқаққан саясаткерді тағынан ығыстырғаны әсіресе, ТМД елдері қызу талқылады.
ТАРАМПТЫҢ АБЫРОЙЫ
Владимир Зеленский Украина билігіне келе сала, АҚШ Президенті Дональд Трампқа «қауіп төндірді». Қыркүйек айында штаттар конгресі Трампты «қызметін асыра пайдаланды, бөтен елді Американың ішкі сайлау ісіне араластырды, Конгресс жұмысына кедергі келтірді» деп айыптап, оған қарсы импичмент жариялады. Ақ үй қожайынын қызметтен кетіру әрекетіне оның Украина президенті Владимир Зеленскийге 25 шілдеде шалған телефон қоңырауы себеп болды. Сенаторларға сенсек, Трамп әңгіме барысында Украина билігінен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденге қарсы тергеу әрекетін жүргізуді талап етіп, қысым көрсеткен. Өйткені, Джо Байденнің ұлы Хантер Байден 2014-2019 жылдар аралығында украиналық Burisma мұнай-газ компаниясының директорлар кеңесі құрамында болды. Міне, Трамп «кіші» Байденнің сол компаниядағы жемқорлық әрекеттерге қатысы бар деп есептейді. Ал Джо Байден 2020 жылы өтетін сайлауда Дональд Трамптың басты қарсыласы.
19 желтоқсанда АҚШ өкілдер Палатасы бірауыздан Президент Дональд Трамптың импичментіне дауыс берді. Енді қаңтар айында Сенаторлар шешім қабылдайды. Егер Трампқа қарсы дауыс басым болса, Президенттік мерзімі бітпей, тақтан тайып кетуі де ғажап емес. Бірақ импичмент оның келер жылы екінші рет сайлауға түсуіне кедергі келтірмейді.
ТЕГІ ТҮРІК САЯСАТКЕР ҰЛЫБРИТАНИЯДА БИЛІК ТІЗГІНІН АЛДЫ
Ұлыбритания Еуропалық Одақтан шығу туралы халықтық референдумды сонау 2016 жылы өткізген еді. Сонда халықтың 51,9 %-ы Brexit-ті қолдап, ЕО құрамынан шығуға дауыс берген. Елдің бұрынғы Премьер-министрі Тереза Мэйдің келісімімен биыл 29 наурызда Біріккен корольдік одақтан бөліну керек болған. Дегенмен елдегі партиялар өзара келісе алмай, бұл дата кейінге шегеріле берді. Нәтижесінде мамыр айында Тереза Мэй Премьер-министр қызметін тастап кетуге мәжбүр болды. Үкімет басына Консервативтік партия жетекшісі Борис Джонсон келді. Ол, Мэйдің жолын жалғастырушы. Еуроодақпен ат жалын кесісіп кетсем де, одақтан елді шығарамын деп мәлімдеме жасаған. Алайда Джонсон да маңызды құжатқа биыл қол қойдыра алмады. Жоспар бойынша енді Ұлыбритания Еуроодақтан 2020 жылы 31 қаңтарында бөлінуі тиіс.
Эпотажды саясаткер Борис Джонсонды БАҚ беттерінде «британдық Трамп» деп те жазып жатады. Ал оның арғы атасы түрік эмигранты екені белгілі.
HUAWEI МЕН GOOGLE «АЖЫРАСТЫ»
Биыл әлемнің екі алып экономикасы – АҚШ пен Қытайдың арасындағы қырғиқабақ «соғыс» Huawei компаниясын тығырыққа тіреді.
16 мамыр күні АҚШ Сауда министрлігі Huawei және оған қатысы бар 70 Қытай компаниясын ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірді деп қара тізімге енгізді. Яғни, оған америкалық өндірушілерден тауар алуға тыйым салды. Сөйтіп, Huawei Google жүйесімен серіктестікті үзуге мәжбүр болды. Ендігі шыққан Huawei гаджеттерінде Google Play Store, Gmail, Google Maps, Google Chrome, Youtube қосымшалары болмайды. Бірақ маусым айында компания төл операциялық жүйесін ойлап тапты.
Google-дың артынан Intel, Xilinx, Qualcomm, Broadcom компаниялары да Huawei-мен байланысты үзді. Intel Huawei –ге ноутбук процессорларын сататын ірі кәсіпорын.
Американың ірі санкцияларына қарамастан биыл Huawei-дың табысы 18%-ға өсті. Дегенмен бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 1%-ға төмен. IT-гиганттың басшысы Эрик Сюй Вашингтон санкциясы әсерінен алдағы жылдары компания табысы біртіндеп төмендей беретінін айтып отыр.
Дегенмен жақында АҚШ көшбасшысы Дональд Трамп Қытаймен татуласқандығы туралы мәлімдеме жасады. Осылайша Америка Қытай тауарларына салынатын салықты 15%-ға төмендетпек. Ал Қытай тарапы 200 млрд $-ға америкалық тауарларды сатып алмақ. Трамп өз твиттерінде келіссөздер 2020 жылдың қаңтарында басталатынын жазды.
ҚҰЖЫНАҒАН ГОНКОНГ
Қытайдың Гонконг әкімшілік аумағының наурыз айынан бері тыныштығы бұзылды. Жүз мыңдаған адам күндерін үйде емес, көшеде өткізіп жатыр десек те болады.
Халық наурыз-сәуір айынан бері 4-5 рет жаппай митингіге шығып үлгерді. Ереуілшілер Гонконг Үкіметі қабылдап жатқан экстрадициялау туралы заңға наразы. Егер заң жобасы қабылданса, Қытайдың жергілікті билігі өз жерінде жүрген қылмыскерлерді ұстап, экстрадициялауға рұқсат алады. Гонконгтықтар, осылайша, азаматтардың құқығы шектеледі деп қауіптенеді.
9 маусым күні әлемдік БАҚ Гонконгта көшеге 1 млн адам шыққанын жазды. Бірақ жергілікті полиция наразылардың саны 240 мың болғанын мәлімдеді. Гонконг тарихында соңғы он жылдағы ең ірі митингте полиция халыққа қарсы резеңке оқ пен тұншықтырғыш газ қолданды.
1 шілдеде жыл сайынғы жалпыхалықтық марштың соңы жаппай қарсылыққа ұласты. 550 мың адам жиналған марштан бөлінген белсенділер Заң кеңесі ғимаратын қиратты. Басқа да әкімшілік ғимараттарға зақым келді. Шілденің соңына дейін Гонконгтың әр ауданында қарсылық «марштары» толастаған жоқ.
5 тамызда 350 мың адам көтеріліске шығып, көшелердегі көлік қозғалысын тоқтатып тастады. Әуежайдағы 200 рейс кейінге шегерілді. Мәліметтерге сүйенсек, жергілікті полиция қарсылықтарды тоқтату үшін 800 газ балонын қолданған. БАҚ осы тамыздағы көтерілістердің бірінде құқық қорғаушылар қарудан оқ атқанын да жазды.
8 желтоқсан күні наразылық қайта өршіп, жүз мыңдаған адам орталық саябаққа жиналды. Олар тек экстрадиция туралы заңнан бас тартуды ғана емес, алдыңғы митингтерде қамалғандарды босатуды, полицияның қатігездік әрекеттерін тыюды, Гонконг басшысы Кэрри Ламның отставкасын талап етті.
Англия банкі саяси тұрақсыздық Гонконгтан 5 млрд $ -дың сыртқа кетуіне әсер еткенін мәлімдеді.
САЯСАТТАН ТҮҢІЛГЕН ТУНБЕРГ
Қыркүйек айынан бері әлемдік БАҚ 16 жасар экоактивист қыз Грета Тунберг туралы жарыса жазып жатыр. 23 қыркүйек күні ол Біріккен ұлттар ұйымының климаттың жылынуына қатысты саммитінде сөз сөйлеп, билікте отырғандардың әрекетсіздігін әшкереледі. Оларды тек ақшаға, байлыққа қызығатын қуыс кеуде деп мәлімдеді. «Балалық шағымды ұрладыңдар» деп айыптады.
Интернет қолданушылар қызды лоббистік күштердің «қолжаулығы» деп жапырыла жазды. Дегенмен қайсар қыз Тунберг өзіне қарата айтылған сын-міндеді пысқырмайды. Климаттың жылынуына қарсы наразылық шерулеріне шығып, көшбасшысы болып жүр. Оның бастамасымен 150-ге жуық елде 40 мыңнан астам шара өтіп үлгерді.
Дайындаған Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан