$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.12.2019, 16:12
Саясат

«Тізерлеп тұрып рақмет айтыңдар». 2019 жылы аңдамай сөйлеп аты шыққандар

Ашық та жасырын камераларға түскен биылғы «атақты» цитаталардың авторлары мен сөздерін бір еске алайық

«Тізерлеп тұрып рақмет айтыңдар». 2019 жылы аңдамай сөйлеп аты шыққандар

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР: МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА ОЛАРДЫ МИЛЛИОНЕРЛЕР ДЕЙДІ

Мәдина Әбілқасымова жылына неше рет қызмет ауыстырса да, әдемі келбетіне қарамастан, Қазақстандағы көп балалы аналар үшін «ең сүйкімсіз» министр  ретінде есте қалады. Оның аналар туралы айтқан сөзін былай қойғанда, ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған тұста Нұр-Сұлтанда бір үйдің бес бірдей бүлдіршіні өртеніп, көз жұмды.

Мәдина Әбілқасымованың трагедияға тікелей қатысы жоқ, бірақ, көп балалы аналардың әке-шешесі түнде де жұмыс істеп жүргені, баспана жоқтықтан, барак үйді жалдап тұрғаны Қазақстандағы көп балалы аналардың бас көтеруіне себеп болды. Халық бес қыздың өліміне өте нашар әлеуметтік саясат кінәлі деп санады. Оның үстіне, бес бүлдіршіннің денесі табылған таңда Әбілқасымова ханым «Forbes-тің» мұқабасында қымбат пиджагын киіп, жарқырап тұрды...

Қазір Мәдина Әбілқасымова жаңадан құрылған қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікті басқарып отыр. Бұл бір жылдағы үшінші ЛАУАЗЫМДЫ қызметі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде (2019 жылдың қаңтарында -авт) жүргенде ол көп балалы аналардың жәрдемақысына 768 (!) теңге қосылғанын сүйіншілеген еді. Сүйіншілеп қана қоймай, көп балалы аналар (бір бала үшін емес, бәріне ортақ) алып жүрген 16 000 теңге көлеміндегі жәрдемақымен миллионер атануға болады деді.

«Өзге елдерде мұндай тәжірибе жоқ. Ресейде аналық капитал бар. Ал бізде, егер алған жылдарын қосып есептесе, бірнеше миллион теңге шығады», - деген Әбілқасымова ханым. Оның цитатасын еске алудың өзінен дене тітіркенеді, солай емес пе!?

«ТІЗЕРЛЕП ТҰРЫП, РАҚМЕТ АЙТСЫН!»

...Бірақ, бұл бер жағы екен. Парламент Мәжілісінің депутаты, жай ғана депутат емес, төменгі палатаның вице-спикері Владимир Божко болса, халық мемлекеттің мұндай «қамқорлығы» үшін «тізерлеп тұрып, рақмет айту» керек екен.

«Билік не істеп жатқанын түсініп, көре білу керек. Бір ғана цифрдан – үш жыл ішінде халықты әлеуметтік қолдау көлемі 17 есе ұлғайды. Тек осы үшін ғана тізерлеп тұрып, мемлекетке рақмет айтуы керек». Цитата авторы, айтқанымыздай, депутат Владимир Божко.

ХАЛЫҚТЫ ТІЗЕРЛЕТУГЕ АСЫҚ ШЕНЕУНІКТЕР ХАЛЫҚТАН НЕГЕ КЕШІРІМ СҰРАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

2019 жылдың қыс пен көктемі әлеуметтік шиеленістер фонында, аналардың бас көтеруімен өте шықты. Қазақстанның саяси өмірінде де қатар-қатар өзгеріс болды, Президент ауысып, сайлау өтті.

Әлеуметтік-экономикалық және саяси оқиғалардың арты тыныштала бастағанда, Арыс қаласында әскери қойма жарылды. Жарылыстың себебі әлі белгісіз. Бірақ, Қорғаныс министрі(міз) Нұрлан Ермекбаевтың ойынша, ескі әскери қоймадағы жарылысқа табиғат кінәлі. Бірақ, әскери қоймадағы оқ-дәрі жарылған 24 маусым күні Түркістан облысы, Арыс қаласында күн күркіреп, жаңбыр жауған жоқ, ауа температурасы да қатты ыстық болмаған. 

«Арыстағы жарылыста біреуді кінәлауға болмайды, бұл табиғи құбылыс...әр арсеналдың өз қауіпі бар. Әзірге, кешірім сұрайтындай (халықтан) себеп көріп тұрған жоқпын». Цитата авторы – Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

«СЕНДЕРГЕ ПӘТЕР ЖОҚ»

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі Бақтияр Мәкен атты орынбасары бар. Көбіне, Ақорда алдына жиналған көп балалы аналармен келіссөз жүргізетін шенеунік. Яғни, аларға өз кезегімен пәтер беру жолдарын қарастырып, олардың ұсыныстарын басшылыққа жеткізетін адам.

Аналар қатты ашуына тиді ме кім білсін, қыркүйекте Бақтияр Мәкеннің әйелдермен бөтелке лақтырысып, «мені тыңдамасаңдар мен тыңдамаймын» деген видеосы тарап кетті. Пәтерді өз қалтасынан шыққан ақшадан беретіндей тонмен ол бейнежазбада «Мен сендерге пәтер бермеймін» деп жұлқынды.

Артынша, елордадағы шаралардың бірінде журналистерге «ұсталып қалған» ол көпбалалы аналар келіссөздегі уәделерінде тұрмай, алаңға шыққанын, ал, видео түсірілген залда «анасына тіл тигізген соң», эмоцияға берілгенін айтты.

«ҚҰДАЙДЫҢ БЕРЕ САЛҒАНЫ....»

Қазір Президент көмекшісі болып отырған Қанат Бозымбаев көптің есінде энергетика министрі кезіндегі қызметімен, айтылған пікірлерімен есте қалады. Үкімет отырысы сайын оның алдынан бензиннің бағасы мен атом электр станциясының құрылысына қатысты сұрақ қойып, бір топ журналист шығатын.

Аракідік басылымдарға экслюзивті сұхбат та береді. Сондай бір сұхбаттарының бірінде Алланы еске алған министрге журналистер мұқататын сұрақтар қоя бастады.

«Алла бізге ресурс берді, ол ресурстарды біз өз қалауымыз бойынша пайдалана аламыз. Ал, Құдай тағала сіздерге бермесе, ондай, Құдай үшін басқа өнім ойлап табыңыздар». Цитата авторы – Қазақстанның мұнайы мен  бай жер ресурстары мақтан еткен Қанат Бозымбана.

«ЖЫНЫ БАР» ВИЦЕ-МИНИСТР

Айтпақшы, 2019 жылы шенеуніктердің аузынан шыққан ең «табиғи», ауызекі стильдегі цитата авторы ұлттық экономика министрінің бұрынғы орынбасары Серік Жұманғарин болса керек. Шағын кәсіпкерлік туралы шарада журналист тарифтер туралы сұрақ қойғаны сол еді, вице-министрдің көзге көрінбес жыны ояна кетпесі бар ма!?

«Бөтен іс-шара ғой. Кеше Парламентте тарифтер туралы айттым ғой, онда өздеріңіз тұра беріңіздер. Іс-шара шағын және орта кәсіпкерлік туралы, ал сіз менен тарифтер туралы сұрап тұрсыз. Ресми келіңіз, тарифтер туралы бастан аяқ-айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші менің», - деді шенеунік.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары