$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.09.2019, 14:22
Қоғам

«Анамның атына тіл тигізді» - Бақтияр Мәкен неге ашуға берілгенін түсіндірді

Қала әкімінің орынбасары бұл әрекетін мемлекеттік қызметшілердің этикасына жат екенін мойындайды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен дөрекі сөздері үшін көпбалалы анадан кешірім сұрады. Жақында әлеуметтік желіде оның қала тұрғынымен дөрекі сөйлескен видеосы тараған еді. Бүгін шенеунік болған жағдайды журналистерге түсіндіріп берді.

«Әрине, ол жерде эмоцияға берілдім. Айтқандарым барлық көпбалалы аналарға қатысты емес, жеке адамға қатысты еді. Барлық көпбалалы аналарға кір келтіретін мақсатым болған жоқ. Мен ер азамат болғаннан кейін ол кісіден кешірім сұрадым», - деді ол.

Әкім орынбасары кез-келген адам кей жағдайларда эмоциясын ұстай алмай қалатынын алға тартады. Дегенмен бұл әрекеті мемлекеттік қызметшілердің этикасына жат екенін мойындайды.

«Шыдамдылық танытып, мүмкіндігімше ол кісіні тыңдадым. Мемлекеттік қызметтің этикасы тұрғысынан қарағанда, менің тарапымнан да кемшіліктер болды. Дегенмен әрдайым алаңға шыға беріп, талап қою – заңсыз ғой.  Күнделікті саған эмоциямен неше түрлі сөздер айтқанда, шыдамның да шегі таусылады деп ойлаймын», - деп қуаттады ол сөзін.

Бақтияр Мәкеннің сөзіне сенсек, әйел адам оның анасының атына тіл тігізген. Оған бөтелкеден бөлек стақан да лақтырып, қолын кесіп кеткен жағдай да болған. Бірақ ол сәттер бейнеге жазылмай қалыпты. Әкім орынбасары алдағы уақытта қандай жағдай болмасын эмоциямды ұстауға тырысамын деп уәде берді.

Еске салайық, әлеуметтік желіде тараған бейнеде  «Встану перед Акордой и повешусь. Вы будете в ответе. Знаете? Я проиграла» деп дауыс көтере сөйлеген әйелге қала әкімінің орынбасары да дөрекілік танытқан еді. Мұқият тыңдасаңыз, Бақтияр Мәкеннің «Хоть в Акорду иди!», «Иди нахер блин!», «Хоть повеситься, понятно!», «Это что за отношение к власти, а?», «Болмайды саған квартира, білдің ба?!», «Иди на улицу», «За то что вы 3 раза в Акорду ходили, я с вами сотрудничать не буду!» деген жауаптарын естисіз.

Осы жағдайға байланысты әкім орынбасарын жақтағандар да, даттағандар да табылды. «Бақтияр Мәкеннің бұлай сөйлеуі мемлекеттік қызметкердің этикасына да, адами этикаға да қайшы! Ақтауға келмейді!» деген сыни пікірлер көп болған.

Серіктес жаңалықтары