Петропавл мектептері ата-аналардан 8,6 млн теңге жинаған
Қазақстанда ата-аналардан ақша жинау үрдісі тыйылмай тұр. Петропавлда оны заңдастырып алған мектептер де бар, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа оқу жылы басталысымен, кей мектептердің ата-аналар комитетінің «белсенділері» сынып қорына ақша жинай бастады. Қаражат – су, стакан, дәретхана қағазы, бөлме өсімдіктері сынды тағы басқа шығындарға жұмсалады.
Петропавл қаласындағы БЭСТ гимназиясы ата-аналардың қалтасын қағуды заңдастырып алған. Егер балаңыз оқу үздігі болмаса, айына 1500 теңге төлеуге тура келеді. Оқушылардан ақша жинауды «Альянс» қоғамдық ұйымы жүзеге асырады. Әрбір ата-анамен келісім-шарт жасалып, аталған ұйымға мүшелікке қабылданады.
«Немерем 5-ші сыныпта оқиды. Барлығы ақша тапсырған соң, біз де береміз. Ешкіммен сөз таластырып жатқым келмейді. Айына 1500 теңге. Егер тоқсан қорытындысы бойынша «үштік» баға шықса, аталған сома екі еселенеді. Бұдан бөлек қағаз, су, стакан сынды ұсақ-түйектерге де ақша тапсырған кездеріміз болды. Осынша ақшаның қайда жұмсалып жатқанын түсінбеймін», - дейді Римма Лапшина.
Өткен жылы «Альянс» қоғамдық қорына ата-аналар 8,6 млн. теңге тапсырған. Оның 2 млн. теңгеден астамы ұйым төрағасы, есепші мен кассирге жалақы төлеуге кеткен. Қалған қаражат мектепке компъютерлік техника, интерактивті тақталар, оқулықтар сатып алу мен түрлі шараларды ұйымдастыру, олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алған оқушыларға сыйақы беру сынды тағы басқа шығындарға жұмсалған.
«Балалар түрлі олимпиадаларға барады. Оның шығынын қор көтереді. БЭСТ лицейінің және жалпы орта мектептердің білім бағдарламасы екі түрлі. Сондықтан балаларға қосымша оқулықтар керек. Біз оны қор қаражатына аламыз. Сабаққа қажетті кітаптар арнайы тапсырыспен шетелдерден әкелінеді », - дейді есепші Пигалева.
Қорға қаражат тапсырмаған ата-ананың баласы оқулықсыз қалады. Сондықтан оған мүшеліктен бас тартатындар жоқ. Тек үш және одан көп балалы, жағдайы төмен отбсылар мен жетім балалар төлемнен босатылады. Директор Гүлнәр Арықпаева мектеп жанында қордың болғаны жақсы екенін жасырмады. Тек оның жұмысына еш қатысы жоқ екенін айтып, ат-тонын ала қашты.
Ал, Ғ.Мүсірепов атындағы 43-ші орта мектепте оқу үздіктеріне арнайы шәкіртақы тағайындалған. Шығынды білім беру ұйымының түлегі көтереді. Бизнесмен бұл мақсатқа ай айын 600 мың теңге жұмсайды. 1-сынып оқушыларына ай сайын 5 мың теңге төлесе, 2-сынып оқушыларына 6 мың. Жоғарылаған сайын, стипендия сомасы ұлғая береді. 9-сынып оқушылары 15 мың теңге, 10 және 11 сынып шәкірттері 25 мың теңге алады.
«2017-2018 оқу жылында 71 оқу үздігі болған. Өткен оқу жылын 99 бала бестікке аяқтады. Ақша алу үшін басқа мектептерден бізге ауысып жатқандар бар. Шәкіртақы тағайындалғаннан бері оқу үлгерімі 5 пайызға артты», - дейді мектеп директоры Динара Рақышева.
Қоғам белсенділері мен ата-аналардың бұл жанайқайына жергілікті билік құлақ түрді. Аталған мәселе Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің төрағалығымен өткен тамыз конференциясында да көтерілген болатын. Құмар Ақсақалов ата-аналардан ақша жинағандар қатаң жазаланатынын ескерткен еді. Кей мектеп басшылары оны қаперіне де алмаған сыңайлы.
«Әрине, үкілеп отырған бауыр еті баласы қатарластарынан қалмас үшін ата-ана қолынан келгенді аянбай, барын беретіні анық. Бірақ бұл жайт шынымен де олардың қалтасына ауыр салмақ салып отыр. Қорға ақша тапсырмаған бала оқулықсыз қалады делініпті. Жаңа оқу жылына дайындық барысында облыстық білім басқармасы өңірлік оқушылардың оқулықпен 100 пайыз қамтылатынын, бұл үшін бюджеттен қаржы бөлінгенін айтқан. Сондықтан бұл жайтты бақылауға алып, тиісті тексерісті жүргізген жөн», - деп пікір білдірді оқырман Балнұр Болатқызы.
«Ақша жинауды Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті білім басқармаларының мектеп басшыларын үндемей қолдауының арқасында тәрбие орнында жемқорлыққа жол беріліп отыр. «Ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңесі» дегендер жәй шымылдық-ширма. Мектептерде мемлекеттік тілдің беделін көтеру, тәрбие мәселесі, оның ішінде ақша жинауды қатаң бақылауға алмаса, бұл мерез ауру белең алып барады. Қазақ қоғамына ұлтқа қауіп жанұя мен мектептегі тәрбиеден басталатынын неге түсінбейміз?», - деп жазды Қажымұрат Нәсиев есімді Facebook қолданушысы.
Артынша СҚО бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл өкілдері өз жауаптарын берді. Олар мектептерде ақша жинау фактілері бойынша арнайы тексеру жүргізбек.
«Қоғамдық қор білім беру ордасымен байланысты болғандықтан және оның жұмысына ата-аналардың өздері тікелей қатысып жатқандығын ескере отырып, білім беру басқармасына хат жолданады. Мақсатымыз – мән-жайды анықтау. Жуық арада «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірігіп, сол мектепте дискуссиялық алаң өткізуді жоспарладық. Оған барлық мүдделі тараптарды шақырамыз. Әлбетте, мектеп мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, барлық іс-әрекет заңды болуы шарт және адалдық, парасаттылық принциптеріне негізделуі тиіс», - деді СҚО бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.