Жыл басынан бері 10 мыңға жуық мүгедек жұмысқа орналасты

2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 16 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда

Жыл басынан бері 10 мыңға жуық мүгедек жұмысқа орналасты
Фото: astana-akshamy.kz

2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 9,6 мыңнан астам мүгедек жұмысқа орналастырылды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстанда 9,6 мың мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына - 3,9 мың адам.

2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар құрамына 10,8 мың мүмкіндігі шектеулі адам енгізілді. Бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 3% құрайды. Мемлекеттік бағдарламаның бағыттары бойынша:

- қысқа мерзімді курстармен 1 170 адам қамтылды;

- «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 757 адам қамтылды;

- 179 адам микрокредит алды, оның ішінде 90 адам өз ісін ашты;

- бос жұмыс орындарына – 3 851 адам жұмысқа орналастырылды;

- әлеуметтік жұмыс орындарына – 983 адам жұмысқа орналастырылды;

- жастар практикасына – 440 адам жұмысқа орналастырылды;

- қоғамдық жұмыс орындарына – 4 337 адам жұмысқа орналастырылды.

2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 16 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 690,6 мың мүгедек болса, соның 424,4 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Ал,106 мың адам жұмыс істейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.