Астанада көпірден секірген жүкті әйелді құтқарып қалған полицейлер марапатталды
Оқиға 3 қазан күні болған

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев суицид жасамақ болған жүкті әйелді өлімнен құтқарған полицейлерді марапаттады деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі патрульдік полиция полкі взводының командирі Алмаз Құлтановқа, полк қызметінің инспекторлары Асылхан Нұрмұхамбетов пен Нұрсұлтан Сариевке жедел әрі үйлесімді іс-әрекеті үшін жеке алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.
«Күн сайын бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарады. Оларды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғайды және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Біздің қатарымызға кірген әрбір адам полиция қызметі жан қиярлықты, батылдықты және адамдар үшін өмір мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді», – деді марапаттау рәсімі кезінде ІІМ басшысы.
Еске салайық, биыл 3 қазан күні астанадағы Қабанбай батыр көшесіндегі көпірден 31 жастағы жүкті әйел Есіл өзеніне секіріп кеткен болатын. Оқиғаға куә болған полиция қызметкері өзенге оның артынан секіріп, жағаға аман алып шықты.