Путин АҚШ-қа Ресейдің Орталық Азиядағы базаларын қолдануды ұсынған – Wall Street Journal
Америкалық Wall Street Journal басылымының жазуынша, Владимир Путин АҚШ-тың Ауғанстанды бақылау мақсатында Ресей базаларын ұсынғанын көрсетеді

Wall Street Journal басылымы жариялаған мақалаға сәйкес, маусым айында АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Женевадағы кездесу барысында (өз уақытында Ресей Орталық Азия мемлекеттерін АҚШ әскерін қабылдаудан аулақ болуға шақырғанына қарамастан) Ресей президенті АҚШ әскерін Орталық Азиядағы әскери базаларын пайдалануға ұсыныс жасаған-мыс. Алайда, бұл мәлімет қаншалықты рас екені белгісіз.
Автордың жазуынша, өткен аптада АҚШ-тың Әскери штабының төрағасы, генерал Марк Милли бұл ұсынысты ресейлік әріптесі, Бас штабтың төрағасы Валерий Герасимовпен Хельсинкиде кездескен кезде талқылаған.
WSJ ресейлік «Коммерсант» газетіне және АҚШ шенеуніктеріне сілтеме жасай отырып, Путин Байденмен маусымдағы кездесуінде «америкалық әскери қызметкерлерді Ресей базасында орналастыру идеясын қолдаған», - деп хабарлайды. WSJ мәліметіне сенсек, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (U.S. National Security Committee) қызметкерлері бұл ұсыныстың шынайы екеніне сенімді емес және генерал Миллиден Путиннің бұны қаншалықты маңызды ұсыныс ретінде айтқанын нақтылауды сұраған.
WSJ-нің жазуынша, генерал Герасимов бұл мәселе аясында «нақтылық» білдірмеген. АҚШ тарапы берген пресс-релизде Герасимов пен Миллидің кездесуі жайлы егжей-тегжейлі ақпарат берілмеген, бірақ «бұрынғы тәжірибеге сәйкес, екі тарап та кездесу барысындағы келісімдерін құпия сақтауға келісті».
Ресейдің Орталық Азияда кеңестік кезеңнен қалған бірнеше әскери нысандары бар. Маңыздылардың қатарында – Қырғызстан астанасы Бішкектің шығысында орналасқан Кант әуебазасы және Тәжікстандағы 201-ші әскери база деп аталатын бірнеше нысандардың жиынтығы (негізінен Душанбе мен Бохтарда). Тәжікстандағы 201-ші әскери база Ресейдің ең ірі сыртқы әскери нысаны болып саналады, оның құрамында 7000 әскери бар.
Шілдеде, Путин мен Байденнің кездесуінен бір ай өткен соң, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков бұқаралық ақпарат құралдарына Ресей президенті ресми Мәскеудің АҚШ әскерлерінің Орталық Азияда орналасуын қаламайтынын жеткізгенін айтты.
«Америка Ауғанстанмен көршілес елдерге өзінің тұрақты әскери базаларын қайта орналастыра алмайды. Біз америкалықтарға бұндай қадамның аймақтағы жағдайды ғана емес, сонымен қатар Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасын да өзгерте алатынын айттық», - деген Рябков.
Рябков Ресейдің Орталық Азия мемлекеттеріне де осындай ескерту жасағанын айтты.
«Біз оларды бұл мәселе жайлы ескерттік, сонымен қатар біз Орталық Азиядағы одақтастарымызбен, көршілерімізбен және достарымызбен, сондай-ақ аймақтағы басқа да елдермен осы тақырып аясында ашық әңгімелестік», - деді шенеунік.