GRECO өкілі Қазақстанда қылмыс жасаса ешқандай иммунитеті болмайды
Парламент Сенаты «GRECO-ның иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылдады
Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің (GRECO) артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Айта кетейік, бұл келісімге Страсбург қаласында 2019 жылғы 15 қазанда қол қойылған болатын. Бүгін бұл құжатты сенаторлар алдында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов таныстырды.
Осы заң жобасы арқылы GRECO мүшелерінің өкілдері мен бағалау топтарының мүшелері бірқатар артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалана алады. Мәселен, жеке басын қамаудан немесе ұстаудан, сондай-ақ айтқандары мен жазғандарына және ресми түрде өзі жасаған барлық әрекеттерге қатысты қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құзыретіне иммунитетті пайдаланады.
«Маңызды бір мәселе – аталған иммунитеттер тек ресми тұлға, яғни Еуропа Кеңесінің ресми өкілі ретінде жасаған әрекеттерді көздейді. Егер GRECO-ның өкілі Қазақстанда жүріп жеке тұлға ретінде кез келген қылмыс жасаған жағдайда ешқандай иммунитеттер қолданылмайды. Кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қатар, егер берілген иммуниттер сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін болса, аталған иммунитеттерден бас тарту процедурасы көзделген. GRECO-ға қосылу еуропалық елдердің тәжірибесіне негізделген. GRECO-ның ұсыныстары арқылы ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруге, мүше елдердің құзыретті органдарымен тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді», - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, GRECO-ға қосылу Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Бұл өз кезегінде қылмыскерлерді экстрадициялау, олардың заңсыз тапқан мүлкін қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік бермек.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан