«Жасылдар» партиясы көктемде тіркеуден өтпек - Азаматхан Әміртай
Саяси ұйымның лидері – ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болмақ
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы» атты қоғамдық ұйымы саяси партияға айналу үшін жанталасып жатыр. Басты міндет - 2021 жылы өтетін парламент сайлауына қатысу. Табиғат қорғаушылары жұрт мәжілісте отырған ескі партиялардан әбден шаршады дейді.
«Партия құру жұмыстарының 60 пайызын әзірлеп қойдық. Десек те, шаруа әлі шаш етектен. Аймақтық бөлімшелерді көбейтіп, халықпен кездесу керек. Енді 2020 жылы көктемде Әділет министрлігіне құжаттарымызды тапсырып, саяси партия ретінде тіркелсек деп жоспарлап отырмыз. 40 мың қол жинауға дайынбыз. 20 мыңға дейін түсіреміз деп жатыр ғой, бірақ ол заң қабылданса ғана болады. Қазіргі ең дайын тұрған біздің қозғалыс,- деді «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай.
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы «жасылдар» парламентке міндетті түрде кіруі керек деп есептейді. Тіпті сайлау әділ өтсе, партия атынан он адам мәжілісте отыратынына сенімді.
«Партия болсақ, барлық саясаттан бастап ұлттық мәселелерге дейін түгел көтереміз. Алайда, негізгі мақсатымыз – экология болып қала береді. Себебі,мұнай мен газды өндірген кезде,жер асты қабаты бүлінуде. Жануарлар, мен орманды браконьерлер құртып жатыр.Аймақтарда ірі өндіріс орындары ауаны ластап бітті. Экологиялық партия осыны саяси жолмен қорғауы тиіс»,- дейді Азамат Әміртай.
Айта кетсек, мәжіліс депутаттары 5 жылға сайланады. Конституция бойынша, кезекті парламент сайлауы 2021 жылы өтуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде ресми түрде тіркелген 7 саяси партия бар.