Тоқаев Ауғанстандағы этникалық қазақтарға барынша көмек беруді тапсырды
Сыртқы істер министрлігі ауған жерінде мыңдаған қазақ бар деген ақпаратты жоққа шығарды
Мемлекет басшысы Ауғанстандағы этникалық қазақтарға барынша көмек беруді тапсырды. Бұл туралы сырты істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды», - деді Смадияров арнайы БАҚ өкілдері үшін брифингте.
СІМ ресми өкілі Ауғанстанда мыңдаған қазақ бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, Ауған территориясында 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады.
«Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады. Ол шамамен 200 адам. Ал кейбір қазақстандық БАҚ ауған жерінде бірнеше мың қазақтың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Соңғы кезде елшілікке өздерін «қазақпыз» деп таныстыратын түрлі топтар келе бастаған. Бірақ еш дәлелі жоқ. Тіпті, қазақ тілінде де сөйлей алмайды. Ведомство бұл ретте мұқият тексеріс жүргізіледі», - деді СІМ ресми өкілі.
Еске салайық, бүгін Ауғанстаннан Қазақстанның 25 азаматы ұшып келді. Алматыға қонған ұшақ бортында Қырғызстанның 14 азаматы және Ресей мен Литваның бір-бір азаматы болған.