Ауғанстаннан Қазақстанның 25 азаматы эвакуацияланды
Оның ішінде елшілік қызметкерлері де бар

Бүгін сағат 17:00-де ҚР Әскери-әуе күштерінің С-295 әскери-көлік ұшағы Ауғанстаннан эвакуацияланған 42 жолаушымен Алматыға сәтті қонды. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанға 25 ҚР азаматы, оның ішінде 15 ересек адам және 10 бала, сондай-ақ ҚР елшілігінің қызметкерлері келді.
Ведомство мәліметінше, осы бортпен қырғыз тарапының өтініші бойынша Қырғызстан Республикасының 14 азаматы эвакуацияланған. Гуманитарлық операция ретінде осы ұшақпен Қазақстан елшілігіне көмек сұрап жүгінген Ресейдің бір азаматы мен Литваның бір азаматы Ауғанстаннан шығарылған.
«Қазақстан Республикасы әрдайым шетелдегі өз азаматтарының мүдделері мен құқықтарын қорғайды», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.