$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.07.2021, 13:36
Саясат

«Орыс әлемі» Қазақстанда қалай жұмыс істеп жатыр?

Елімізде аталған ұйымның үш филиалы бар

«Орыс әлемі» Қазақстанда қалай жұмыс істеп жатыр?
Фотоколлаж

Биыл маусым айының басында ресейлік «Русский мир» қорының Қарағанды мемлекеттің университетінде орталық ашуы қоғамда қызу талқыға түсті. Оған себеп – аталған қорды қазақстандықтарға өзінің атышулы мәлімдемелерімен танымал Вячеслав Никоновтың басқаратыны белгілі болды.

Интернеттегі өткір наразылыққа іліккен Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы орталықтың ашылуы жайлы анонсты сайтынан өшіріп, кейін орталық емес, тек арнайы кабинеттің ашылғанын жазып, халықты тыныштандыруға тырысты. Алайда, мұндағы мәселе университет басшылығының әрекетінде емес, аталмыш ұйымның елімізде қандай мақсат көздейтіндігінде жатыр. Мәселенің мән-жайын білу үшін орыс мәдениеті мен тілін дәріптеумен айналысатын механизмдер жайлы және олардың Ресейдің сыртқы саясат мақсатында қолданатын «soft power» («жұмсақ күш») құралдары екенін түсінгеніміз жөн.

Ақпарат үшін: «Жұмсақ күш» ұғымын ғылыми айналымға 1980 жылы америкалық саясаттанушы Джозеф Най енгізді. Ол мемлекеттердің бір-біріне ықпал ету, үстемдігін орнату жолында күш қолданбай әр түрлі экономикалық, технологиялық, идеологиялық, мәдени және коммуникациялық тәсілдер арқылы өз дегенін орындату әдістерін меңзеген.

Ресейдің «жұмсақ күш» стратегиясы: «Россотрудничество» агенттігі

Ресейдің көршілес қана емес, әлемнің бірқатар елдерінде қолданатын бірден бір «жұмсақ күш» құралы – 2008 жылы құрылған «Россотрудничество» агенттігі. Аталған агенттіктің ресми функциясы – ТМД-ға мүше мемлекеттер мен басқа да шет мемлекеттермен халықаралық қатынастарды қамтамасыз ету және дамыту саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету функцияларын жүзеге асыру. Агенттіктің ресми сайтында ұйымның негізгі жұмысы «қазіргі Ресей жайлы объективті пікір қалыптастырып, мемлекеттік саясат аясындағы халықаралық гуманитарлық әріптестікті жүзеге асыру» делінген.

Қазақстандық сарапшы маман Анна Гусарованың зерттеуіне сенсек, «Россотрудничествоның» қазіргі уақытта 81 елде 98 өкілдігі бар: 62 елде 74 ресейлік ғылым және мәдениет орталықтары және 22 елдегі елшіліктер құрамында агенттіктің 24 ұйымы бар. Ұйымның негізгі жұмыс жүргізу периметрі – ТМД-ға мүше мемлекеттер.

Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі – ғылымды, орыс мәдениеті мен тілін шетелде насихаттау, экспорттау. Бұл жұмыс Қазақстан сияқты көршілес мемлекеттерде белсенді түрде жүргізілуде. 2003 жылдан бастап Ресейдің білім министрлігі «Россотрудничество» арқылы қазақстандық жастарға гранттар ұсынып келеді. Мысалы, 2014 жылы квота саны 150 болса, небәрі үш жылдың ішінде оның көлемі екі есеге артқан. Сонымен қатар, қазақстандық жастардың да Ресейде жоғары білім алуға қызығушылығы артып келеді.

Ресей университеттерінде білім алатын шетелдік студенттердің 80 пайызға жуығы ТМД елдерінен келген болса, оның үштен бір бөлігі Қазақстаннан келіп білім алатын жастар.

«Россотрудничество» тұрақты түрде Қазақстанда білім саласында жәрмеңкелер өткізіп тұрады. Агенттік өзінің ғылым және мәдениет орталықтарында біліктілікті арттыру және орыс тілі курстарын да ұсынады. Қазақстанда курстар Нұр-Сұлтандағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында өткізіліп тұрады.

 «Русский мир» қоры

Қазақстанда филиалы ашылып, біраз шу тудырған «Русский мир» қоры қаржылай және әкімшілік ресурстық жағынан қуатты болмаса да, ықпалды «жұмсақ күш» құралы деп айтсақ қателеспейміз. 2007 жылы құрылған институттың мақсаты – «Ресейдің аса бай мәдени мұрасын дамыту және дәріптеу» делінген. Қордың атқарушы директоры – сенатор Вячеслав Никонов.

Аталған ұйымның сайтында Қордың басты міндеттері ретінде орыс тілі мен мәдениетін дамытумен, Ресейдің тарихын зерттеумен айналысатын қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдарды, кәсіби бірлестіктерді, ғылыми ұйымдарды қолдау екені айтылған. Сонымен қатар, ұйым шалғайда тұратын этникалық орыстарды, шетелдік орыстілді БАҚ-тарды қолдау және ресейлік білім беру қызметін экспорттау делінген.

«Русский мир – ол Ресей. Әр адамның өмірдегі мұраты – өз Отанына қызмет ету, жақындарына көмектесу. «Русский мир» концепциясын ғаламдық жобаға айналдыра отырып, Ресей жаңа бірегейлікке ие болады және әлемнің басқа елдерімен тиімді әріптестік орнатады, өзінің дамуын одан әрі ілгерілетеді», - деп жазылған ресми сайтта.

Ресми деректерге сүйенсек, аталған қордың 52 мемлекетте орталықтары бар. Қазіргі таңда «Русский мир» қорының Қазақстанда үш өкілдігі бар. Олар Ақтөбе қаласындағы Қазақ-Орыс халықаралық университетінде, Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Қарағандыда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің базасында ашылған.

Қауіптенуге негіз бар ма?

«Русский мир» ұйымына қатысты дау көтерілген кезде қоғамдық дискурста оны Еуразиялық экономикалық одақпен және жалпы еуразияшылдық концепциясымен салыстырулар кездесіп жатты. Яғни, аталған жобалар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деген пікірлер айтылды. Ресей және Орталық Азия елдерін зерттеуші америкалық маман Марлен Ларюэльдің айтуынша, аталған екі ұғымның айырмашылығы бар. «Русский мир» концепциясын дәріптеушілердің негізгі аудиториясы – элиталар мен мемлекеттің құрылымдар емес, қарапайым азаматтар дейді. Яғни, идеологияны солардың арасында тарату, жағымды имидж қалыптастыру. Өз кезегінде, Еуразияшылдық – институт болып қалыптасқан бүтіндей экономикалық мәні бар және оған мүше мемлекеттердің дамуына әсер ететін жоба. Алайда, оның да кей кезде саясиланып жататын кездері болады.

Сондықтан, «Русский мир» және «Россотрудничество» ұйымдарының атқарып жатқан жұмысы мен ұстанатын идеологиясы – Ресейдің «жұмсақ күш» мақсатында қолданатын қаруы деп толық айта аламыз дейді Ларуель.

Биыл мамыр айында британиялық Brand Finance консалтинг ұйымы жасаған әлемдік «жұмсақ күш» рейтінгінде Ресей мен Қытай алғашқы ондыққа енген. Көш басында – әдеттегідей АҚШ, ал Германия мен Ұлыбритания екінші және үшінші орындарға жайғасқан.

АҚШ-тың бірінші орында болуының құпиясы – әлем елдерінің арасында мәдениет, білім, спорт және т.б. салаларында қыруар қаражат бөлуінде. Америкалық волонтерлердің әлемнің үшінші елдерінде белсенділігі, білім, гуманитарлық салаларда бағдарламалар да сол саясаттың бір бөлігі. Ұлыбританияның әлемнің әр еліндегі British Council ұйымдары, Германияның үкіметтік емес ұйымдары мен білім беру гранттары тағы бар. Байқасаңыздар, мәдениетті, тілді дәріптеуде білім саласындағы бағдарламалардың рөлі үлкен. Осыдан туындайтын сұрақ: бұқара неге батыс ұйымдарына аса наразылық танытпайды? Неге ресейлік жобалар қарсылыққа ілігіп жатады?

Соңғы кезде Қазақстанның территориялық біртұтастығына күмән келтіруші ресейлік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің мәлімдемелері және ресми Кремльдің бұл мәселеде «жайбарақаттығы» алаңдаушылық тудыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, Қазақстандағы тіл саясатындағы өзгерістер, латын қарпін қабылдау сияқты мәселелер Ресей медиасында белсенді түрде талқыланып, көп жағдайда қарсылыққа ие болып жатады.

Ресей және Еуразиядағы саясатты жіті бақылап отыратын сарапшылардың айтуынша, Украинадағы жағдайдан кейін Ресейдің Орталық Азия мемлекеттерімен интеграциялық саясатында негізгі үш бағытты бөліп көрсетуге болады. Олар – центристік (дәстүрлі), («Орыс әлемі» және «Ұлы Ресей») және «скептикалық» – яғни Ресейдің Орталық Азиядағы позцициясының әлсіреуі. Сондықтан, жоғарыда аталған құралдар арқылы Ресей белсенділігінің артуын күтуге болады. Өз кезегінде Қазақстан үрейін шетке ысырып, идеологиялық салада жұмысын күшейтуі қажет.

Мұса Бағдат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары