Каспий маңы елдері әскери-теңіз күштерін белсенді түрде жасақтап жатыр – америкалық зерттеу орталығы
Геосаяси жағдай және ресурстар мәселесі бес елдің арасында флот тұрғысынан бәсекелестікті күшейтуде
Ресейдің флотилиясы, яғни әскери кемелері мен қайықтары Каспийдегі жетекші әскери-теңіз күші болып қала берсе де, теңіз маңындағы елдері өздерінің санасуға тұрарлық флоттарын қалыптастыруда деген пікір білдірді америкалық Jamestown зерттеу орталығы.
Каспий жағалауындағы басқа төрт мемлекет – Қазақстан, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстан аймақтағы мұнай мен табиғи газ ресурстарына және инфрақұрылымға талас қыза түскен сайын өздерінің теңіз флоттарына үлкен назар аударуда.
Каспий маңы елдерінің теңізге монополиясы мен басқа елдерді оған «жолатпау» әрекеттеріне қарамастан, әлемдегі геосаяси жағдай ақырында бұған өз өзгерістерін енгізуі мүмкін дейді басылым. Мақала авторы Пол Гоублдың сөзінше, ресми Мәскеуді әскери кемелер өндіруші ірі ел – Түркия мен Каспийді өзінің «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының ажырамас бөлігі ретінде қарастыратын Қытайдың («Belt and Road Initiative») болашақтағы рөлі алаңдатады.
Сонымен қатар, ресейлік сарапшылардың айтуынша, Каспий маңы елдерінің Ресейге қарағанда бір артықшылығы бар: олардың кемелері саны жағынан көп және қуатты болмаса да, Ресейдің флотилиясымен салыстырғанда анағұрлым дамыған.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Мәскеу Каспий флотилиясын таратпау жөнінде шешім қабылдады, өйткені Иран да Каспий жағалауындағы мемлекет болған. КСРО ыдырағаннан кейін, жағдай түбегейлі өзгерді.
«Жаңадан пайда болған мемлекет – Ресей Федерациясына Каспийді бір ғана елмен және оның әскери-теңіз күштерімен ғана емес, басқа да төрт мемлекетпен бөлісуге тура келді. Оның үстіне, 30 жыл бойы жүргізілген келіссөздерге қарамастан, бес мемлекет әлі күнге дейін теңізді, атап айтқанда, оның минералды ресурстарға бай теңіз түбін делимитациялау туралы толық келісімге келген жоқ», - дейді автор Пол Гоубл.
Ресейдің Каспийдегі әскери-теңіз күштері бұл маңайда жетекші болып қала береді, алайда бұл флотилияға тек Сириядағы ұрыста қарсы зымырандар ұшыру барысында және Азов теңізіне қарай бағытталған кезде ғана назар аударылады дейді автор.
Қазақстан мен Түрікменстанға кеңестік флот бөлініске түскенде кемелер берілмеген екен. Алайда, сол уақыттан бері екеуі де өз әскери-теңіз күштерін құрып, оны дамыта бастаған. Қазақстанның флоты қазір саны жағынан ұлғайған, алайда Ресей мен Әзірбайжанға қарағанда оның кемелері кішірек. Түрікменстан болса бұл тұрғыда амбициясы мол, әлеуеті жағынан Ресейдің флотынан кейін екінші орынға жайғасқысы келеді дейді басылым. Иран да Каспийде өзінің белсенділігін күшейтіп келеді, бірақ оның үлкен кемелері ескірген, ауыстыруды қажет етеді және жетілдіру жұмыстары қиынға соғады.
Әзірбайжанның әскери-теңіз күштері оған КСРО заманынан қалған Каспий флотилиясындағы кемелер негізінде 1992 жылы құрылды. Сол уақыттан бері Әзірбайжан Израиль мен Түркиядан кемелер сатып алған және қазіргі кезде оның флоты 44 кемеден тұрады. Олардың көпшілігі ресейлік кемелерге қарағанда көлемі жағынан әлдеқайда кіші, бірақ анағұрлым дамыған және қарулануы жағынан озық дейді автор.