Телебағдарламада күйеуінің қорлығын айтқан: жүкті әйелді сүйіктісі ұрып өлтірді
28 жастағы әйелді азаматтық некедегі күйеуі жүйелі түрде ұрып келген

Ресейде танымал «Мужское/Женское» бағдарламасында жүкті әйел азаматтық некедегі күйеуі үнемі соққыға жығатынын айтқан. Бағдарлама түсірілгеннен кейін екі күннен соң күйеуі жүкті әйелін ұрып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
BAZA Telegram каналының мәліметінше, бағдарлама әйел адамның өлімінен кейін екі айдан соң экранға шығарылған.
Белгілі болғандай, Смоленск облысының Ярцево қаласында тұратын 28 жастағы Людмиланы Алексей есімді ер адам жүйелі түрде ұрып келген. Туыстары бұл туралы ашық айтуға көндіріп, нәтижесінде Людмила тамыз айында Мәскеуге «Мужское/Женское» бағдарламасына қатысуға барған.
Түсірілім барысында ол азаматтық некедегі күйеуінен көрген қорлығы жайлы айтып берді, ал бағдарламаға қатысқан Алексей әйелінің мұндай қатыгездікке «лайық болғанын» мәлімдеген.
Түсірілімнен бірнеше күн өткен соң ер адам қызғаныштың әсерімен жүкті әйелін тағы да соққыға жыққан. Ол орындықпен Людмиланың басынан және денесінен аяусыз ұрған. Әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны құтқара алған жоқ. Людмила аурухана төсегінде көз жұмды.
Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Кісі өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғады. Бағдарлама оның қазасынан екі ай өткен соң эфирге шыққан.