Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрін қабылдады
Қазақстан Президенті Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады
Қазақстан Президенті Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Мемлекет басшысына АҚШ-қа жасаған ресми сапарының негізгі нәтижелері мен биылғы 15-16 желтоқсанда Мадридте өткен «Азия-Еуропа» Сыртқы істер министрлері форумының 14-кеңесіне қатысқаны жөнінде баяндады.
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, келіссөз барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка Құрама Штаттарының Қазақстанды өңірдегі сенімді серіктесі әрі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі негізгі әріптесі санайтынын айтты.
«Азия-Еуропа» форумының қатысушылары Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын және көлік жолдарын дамытуға ықпал ететін Қазақстанның транзиттік әлеуетін жоғары бағалады.
2020 жылға арналған халықаралық күн тәртібін талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы басым бағыттар жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.