«Шекара дауын өршітуге қатысы жоқ»: Қорғаныс министрлігі Тәжікстан мен Қырғызстанға оқ-дәрі беру мәселесін түсіндірді
Қорғаныс министрлігі барлық келісімнің Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауына дейін рәсімделгенін ерекше атап өтті
ҚР Қорғаныс министрлігі Тәжікстан мен Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетуге қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның баспасөз қызметі барлық келісім Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауларына дейін рәсімделгенін атап өтті. Қазір осы келісімдерді ратификациялау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Қырғызстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетуге дайын
Тәжікстанның қорғаныс министрлігі 2019 жылдың желтоқсанында тәжік-ауған шекарасы ауданындағы жағдайдың шиеленісуіне орай Қазақстаннан әскери-техникалық көмек сұраған. Осыған байланысты 2021 жылдың 17 сәуірінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісім әзірленді. 2021 жылдың 2 наурызында Қазақстан мен Қырғызстан арасында да дәл осындай үкіметаралық келісімге қол қойылған.
«Бауырлас елдерге әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара маңындағы қақтығысты өршітуге еш қатысы жоқ. Бұл келісімдер Ауғанстаннан халықаралық коалиция елдерінің әскери контингентін шығару аясында жасалған. Оған қоса, әскери мүлік қарама-қайшылықтарды реттеу мен жағдайды қалыпқа келтіру туралы уағдаластықтарға қол жеткізген соң ғана Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізіледі», - делінген министрлік хабарламасында.
«Ашық НҚА» порталында Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қоғамдық талқылау үшін жарияланды.