«Оны елшілікте ұстап отыр»: Қырғыз-түрік лицейінің негізін қалаған азамат бір аптадан бері табылмай жатыр
Бұл іске президент Садыр Жапаровтың өзі араласты
Қырғызстан астанасында осыдан бір апта бұрын із-түссіз жоғалған педагог әлі табылған жоқ. «Сапат» мектептер желісінің президенті (бұрынғы қырғыз-түрік лицейлері – авт.) Орхан Инандыны 31 мамырда кешқұрым бейтаныс біреулер ұрлап әкеткен деген мәлімет бар. Кеше оның зайыбы Рейхан Инанды тағы да мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Түрік азаматының көлігі Бішкектің орталығындағы кафелердің маңынан есігі ашық күйінде табылған еді. Содан бері елең-алаң күй кешіп отырған оның отбасы мүшелері бүгін өз болжамын айтты. Рейхан Инанды күйеуі Бішкек қаласындағы Түркия елшілігінің ғимаратында екеніне сенімді. Оның айтуынша, мұндай ақпаратты өткен түні сенімді дерек көздері хабарлаған. Бірақ бұл құнды мәліметті кім бергенін қауіпсіздік үшін айта алмаймын, деді Рейхан Инанды.
«Менің күйеуімді қазір Қырғызстандағы Түркия елшлігінде күшпен ұстап отыр. Себебі Түркияның қазіргі билігі тура осындай әдіспен әлемнің әр жеріндегі «Сапат» мектептерінің қызметкерлерін ұстап әкетіп жатыр. Ол тірі. Маған Орханды өз көзімен көрген адам хабар берді. Енді түріктер Орхан Инандыны қырғыз азаматтығынан айырып, сосын Түркияға депортация жасайтын болады. Оның өміріне қауіп төніп тұр», - деді Р.Инанды.
АКИpress ақпарат агенттігінің жазуынша, қырғыз милициясы дәрменсіздік көрсетіп отыр. Құзырлы органдар оны бір аптадан бері таба алмауы мүмкін емес. Бұл жерде саяси күштердің қызығушылығы болуы мүмкін. Ал, Түркия елшілігі Рейхан Инандының болжамын теріске шығарған жоқ. Журналистер Түркияның Бішкектегі дипломатиялық өкілдігіне хабарласқанымен, тиісті ақпарат берілмеді.
Қырғызстан ішкі істер министрлігі Орхан Инандыны іздеу жұмыстары бүкіл республика бойынша жүріп жатқанын хабарлады. Мекеменің мәлімдеуінше, істі ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтің өзі бақылап отыр. Оқиғаға ел президенті Садыр Жапаровтың өзі араласып, құзырлы органдарға іздеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Сапат» білім беру ұйымы мен түлектері Орхан Инандының қайда екені туралы сенімді ақпаратқа сыйақы тағайындағанын мәлімдеген. 2012 жылдан бері Қырғызстан азаматы Орхан Инанды «Сапат» мектептері мен «Ататүрік Ала-Тоо» университетінің негізін қалаушылардың бірі.
Айта кету керек, Қырғызстанда 1992 жылы ашылған «Себат» қырғыз-түрік лицейлері мыңдаған баланы оқытты. 2016 жылғы 16 шілде оқиғасынан кейін Қырғыз Республикасы бұл мектептер желсінің атауын «Сапат» мектебі деп өзгертті. Барлығы 16 лицейдің басын біріктірген оқу орындар желісі Бішкек, Ош және Жалалабад қалаларында оқушыларға білім береді.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы