Тоқаев Тәжікстан Президентімен табысты келіссөз жүргізгенін мәлімдеді
Екі тарап стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен табысты келіссөз жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында жариялады.
«Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен табысты келіссөз жүргіздім. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға уағдаластық. Келешектегі саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындадық», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президенті Тәжікстан басшысымен келіссөз барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, өңірлік диалог, атап айтқанда, бес мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі деңгейінде дамытудың өзектілігі ерекше атап өтілгенін айтты.
«Сондай-ақ ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨЫСШК аясындағы ықпалдастықты талқыладық», - деп жазды Қ. Тоқаев.