$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2021, 12:10
Саясат

Байбектің заңгері: «Біз ашықтық пен жариялылық қағидатын сақтауды қуаттаймыз»

Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай қоғамды дәлелсіз ақпараттармен адастырып жатыр, дейді заңгер

Байбектің заңгері: «Біз ашықтық пен жариялылық қағидатын сақтауды қуаттаймыз»

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап-арызы бойынша Ж.Мамай мен И.Иманбаеға қатысты өтіп жатқан сот процесі жөнінде бірінші тараптың мүддесін қорғаушы заңгер Айжан Тәшенова бірқатар деректі өзінің Facebook-парақшасында жазды.

Оның пікірінше, жауапкер тарап сотта арандатушылық, орынсыз сипаттағы мінез-құлқын көрсетіп, жалған ашықтық, дәлелсіз деректер арқылы қоғамды адастырып жатыр.

Заңгер 26 сәуірде Б.Байбек жауапкерлердің негізсіз таққан айыптауларын теріске шығару мақсатында құжаттардың толық пакетін (әкімдіктің 20-дан аса ресми қаулысы, келісімшарттар мен өзге де материалдар) көрсеткенін атап өтті.

«Құрметті достар! Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты талап-арызы бойынша өтіп жатқан сот процесінен туындаған үлкен резонансты байқап отырмыз. Өкінішке қарай, мен кейбір желілік комментаторлар мен жауапкерлердің өздері адамдарды ашық түрде адастыруға тырысып жатыр деп айтуға мәжбүрмін. Біріншіден, процестің басынан бастап біз ашықтықты және жариялылық қағидатын сақтауды жақтаймыз. Бұған 19 сәуірдегі сұхбатында сенім білдірушім (Б.Байбек – ред.) ресми құжаттарын қолжетімді еткені дәлел. Ал жауап беруші тарап, керісінше, ашықтықты жақтаймыз деп ауызша айтқанымен, 13 сәуірдегі "журналистік тергеу" деп аталатын жалған айыптауларына әлі ешқандай дәлел келтірмеді», - деді заңгер.

Оның айтуынша, Б.Байбектің өкілі ретінде маман Фейсбуктегі парақшасында бұл іске қызығушылық танытқан азаматтар назарына барлық материал мен тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптаманы орналастырған.

«Екіншіден, мен жауапкерлердің позициясының мүлдем сәйкес еместігін атап өткім келеді. Мәселен, 14 мамырда, соттың "TrueConf" қосымшасындағы бірінші дайындық отырысында Ж.Мамай, И.Иманбаева және олардың адвокаттары сотқа WhatsApp қолдану туралы өтінішпен жүгінді. Біз бұл өтінішті қолдадық. Екінші отырыста, 19 мамырда, жақсы естіліп тұрғанына қарамастан, WhatsApp байланысы да біздің қарсыластарымызға ұнамады. ZOOM жүйесіне көшу туралы талап айтылды. Сонымен қатар, сотталушылардың адвокаты Г.Нұрпейісов процестің ақпараттық платформасын дереу ауыстырудан бас тартқаны үшін судьяға қарсылық білдіруге тырысты», - дейді ол.

Яғни, Мамай мен Иманбай әр түрлі сылтаумен сотты әдейі созуға тырысты, деп санайды заңгер.

«Үшіншіден, онлайн-отырысты өткізу үшін алаңды таңдау – соттың құзыреті. Сонымен қатар, Б.Байбек журналистік қоғамдастықты кеңінен тарта отырып, барынша ашық сот процесін қолдайтынын атап өткім келеді. Біз сот процесінің барысы туралы жұртшылықты объективті хабардар етуге өте мүдделіміз», - деп Айжан Тәшенова өз жазбасында соттан келесі отырыс «Zoom» платформасында өтуін сұрады.

Заңгер келесі отырыстан бастап өз парақшасында онлайн-трансляция жүргізетінін атап өтті. Сонымен қатар, Ж.Мамайдың тікелей эфирінен түсірілген видео-үзінділерді көпшілік назарына орналастырды.

«Төртіншіден, сот жауапкерлерді үнемі тыңдап, айқын процедуралық бұзушылықтарға көз жұмып отыратындығына назар аударғым келеді. Мысалы, біздің оппоненттеріміз сот процесіне жаңа (үшінші) заңгер – Ерлан Қалиевті енгізген кезде сотқа өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынбай, 61-бапты елемеді. Сонымен қатар, Қалиевтің өзі бұл дауда қолданылмайтын норманы пайдалана отырып, талап қою кезінде сотқа дейінгі тәртіптің сақталмайтынын мәлімдеді. Мәселен, АК-нің 143-бабының 4-бөлігіне сәйкес, "азаматтың ... теріске шығаруды не БАҚ-та жауап жариялау туралы талабын, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бір ай ішінде жарияланым жасамаса, сот қарайды...". Яғни, Е.Қалиев түсініксіз себептермен азамат Ж. Мамайды бұқаралық ақпарат құралына теңестіреді. Біз жауапкерлерге жеке тұлға ретінде талап арыз бердік. Тиісінше, Е.Қалиевтің талабы заңсыз, оны судья бірден атап өтті», - дейді заңгер.

Сондай-ақ, ол Ж.Мамай мен И. Иманбаеваның сотта өзін қалай ұстайтыны жөнінде сипаттап өтті.

«Арандатушылық, орынсыз сипаттағы мінез-құлқын көзбен көруге болады. Судьяның, оппоненттер сөзін бөлу, қисынсыз және мүлдем орынсыз өтініштерді мәлімдеу, пікірталасты мүлдем тыс тақырыптарға жетелеу сотты құрметтемеу ретінде анықталуы мүмкін. Кәсіби заңгер ретінде мен мұны мүлдем орынсыз әрекет деп санаймын. Нәтижесінде судья сотталушыларға тиісті ескерту жасауға мәжбүр болды», - дейді ол.

Айжан Тәшенова соттың сындарлы және барынша ашық өтуін басты мақсат деп атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай интернетте Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті айыптаған видеоматериалдар жариялаған болатын. Байбек мұның жала екенін айтып, өзінің ар-намысын заң аясында қорғайтынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары