ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Президент Түркістан және Павлодар облыстары әкімдерінің есебін тыңдады

Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан және Павлодар облыстарының әкімдерімен өңірлерде қалыптасқан қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Прези­денті­нің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook-парақшасына сілтеме жасап.

Түркістан облысының әкімі Президентке коронавирустың таралуы бойынша өңірдің қазіргі таңда «жасыл» аймақта екенін және 35 мың тұрғынның вакцина алғанын баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Сауран ауданын құру жұмыстарының барысы туралы мәлімет берілді. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір жаңа әкімдіктің басқару жүйесі мен бюджеті бекітілуде. Жуық арада құқық қорғау органдары мен министрліктердің жергілікті бөлімшелері жұмыс істей бастайды. Жаңадан құрылып жатқан ауданның халқы 100 мыңнан асады, жалпы аумағы 650 мың гектарға жуық. Ауданның әкімшілік орталығы Шорнақ ауылы.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында электр қуатының апаттық жағдайда сөнуінен болған зардаптарды қалпына келтіру, көктемгі су тасқынының алдын алу және егіс науқанына судың жетіспеушілігі проблемасын шешу мәселелеріне баса мән берілді.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та Президентке коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес шаралары жайында есеп берді. Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта өңір «сары» аймақта. 13 сәуірдегі мәлімет бойынша облысқа «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентінің 21 750 және екінші компонентінің 10 750 мөлшері жеткізілген. Жалпы 19 мыңнан астам адамға екпе егіліп, 4100 азамат вакцинаның екінші компонентін салдырған.

«Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Әкімнің айтуынша, биыл 1,490 мың гектар жерге егістік салу жоспарланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 59 мың гектарға артық.

Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға және азаматтарды вакциналау жұмыстарын жандандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді», - делінген хабарламада.