Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 5%-ға төмендету керек - Тоқаев
Болашақта партия мүшелерінің тізімін онлайн форматта жасау ұсынылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуына қатысуда.
Президент 10 қаңтарда өткен сайлауда кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалғанына тоқталды. Айтуынша, олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар бар.
«Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді»», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендету керектігін айтты.
«Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады. Осы мақсатта электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланған абзал», - деді ол.