«Сайлау санитарлық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да таза өтті» - сарапшы пікірі
«Nur Otan» партиясы сайлаушылардың 71,09 пайыз дауысын иеленді
Бүгіен Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні өткен Мәжіліс депутаттарын сайлауда саяси партиялар жинаған дауыстың алдын ала қорытындысын жариялады.
ОСК хатшысы Сәбила Мұстафинаның дерегінше, «Ауыл» партиясы сайлаушылардың 5,29 пайыз, «Nur Otan» партиясы 71,09 пайыз, «ADAL» партиясы 3,57 пайыз, «Ақ жол» партиясы 10,95 пайыз және «Қазақстанның Халық партиясы» 9,10 пайыз дауысын жинаған.
ОСК нәтижесінен кейін сайлауға қатысты саясаттанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, PhD доктор Индира Рыстина пікірін білдіріп, Facebook желісінде жазба қалдырды.
«Сайлау аяқ астынан кезектен тыс өткен жоқ. Барлығы уақытымен, белгіленген мерзімде өтті. Сайлау жарияланғаннан кейін екі ай ішінде партиялар дайындық жұмысын жүргізе бастады. Біраз партия жұмысын тек сол уақытта ғана бастады. Сайлауға қатысқан 5 партияның бағдарламасын салыстыратын болсақ, күрделі айырмашылық жоқ. Мақсатты аудитория араласқан, ұсынылған саяси реформалардың жүзеге асырылуы да күмән туғызатын тұстары да болды. 10 қаңтар күні сайлаудың таза өтуіне барлық жағдай жасалды. Тазалық санитарлық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да сақталды», - деп жазды Индира Рыстина.
Еске салайық, кеше Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Саяси науқанда тізімге енген сайлаушылардың 63,1 пайызы дауыс берді. Сайлау біткен соң «Қоғамдық пікір» институты жүргізген Еxit poll нәтижесі жарияланып, респонденттердің 5,75 пайызы «Ауыл» партиясына, 71,97 пайызы «Nur Otan», 3,07 пайызы «ADAL», 10,18 пайызы «Ақ жол» және 9,03 пайызы «Қазақстанның Халық партиясына» дауыс бергені хабарланды.
«Nur Otan» - атқарушы билік пен азаматтар арасындағы көпірге, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының негізгі құралына айналды. Оның дәлелі ретінде партияның жүргізген қоғамдық қабылдау форматында жүргізген кездесулерін айта аламыз. Соңғы 5 жылда партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі 1,2 миллионнан астам өтініш қабылданып, оның 92%-ы шешімін тапты.
Партияның ішкі құрылымы, яғни орталық аппарат қызметкерлері сайлауға дейін барлық аймақты аралады. Тәуекелдер мен тұрғындарды мазалайтын шұғыл проблемалардың картасы жасалды», - дейді саясаттанушы.