Қытай мен Қазақстан қатынасындағы Елбасының рөлі – сарапшылар мен Қытай ғалымының пікірі
Елбасының Қытаймен арадағы шекараға байланысты мәселені шешудегі саясатына отандық және қытайлық сарашылар оң баға берді
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздік жылдары әлемдегі алып дерважалармен қарым-қатынас орнатудағы рөлі, іссапарлары мен маңызды құжаттарына арналған бірнеше циклдан тұратын деректі фильм жарық көрді.
«Назарбаев сөйлейді» деп аталатын деректі фильмде Елбасының Қытаймен арадағы шекараға байланысты мәселені шешудегі саясатына отандық және қытай сарашылары оң баға берген.
Белгілі дипломат Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, 90-шы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс вектордағы геосаяси мәселелерді шешу үшін Қытай-Қазақстан қарым-қатынасын нығайтқан.
«Қазақстанның ішкі саясатында Азиялық вектордың рөлі зор. Бұл тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен-ақ белгілі болды. Қытай – ежелден келе жатқан көршіміз. Елбасы Дэн Сяопиннен бастап Қытайдың барлық көшбасшыларымен саяси-мемлекеттік серіктестік, жеке байланыс орнату үшін ең біріншіден, Қытаймен арадағы шекара мәселесін шешті. КСРО кезінде ҚХР территориялық мәселелер түрлі жолдармен шешілген, тіпті сол үшін қақтығыстар да болған. КСРО-дан бөлініп шыққаннан соң, Елбасы шекара мәселесі Қытаймен арадағы ұлттық қауіпсіздігімізге ғана емес, экономикалық тұрақтылығымызға да тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін ескеріп, басымдықты аталған мәселеге берді», - деді Ерлан Ыдырысов.
ҚР Президенті кеңсесінің басшысы Нұрлан Оңжанов Елбасының Қытайдың бірнеше жылдан кейін әлемдегі экономикалық державаға айналатынын алғашқылардың бірі болып болжай білгенін атап өтті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы үшін Қытаймен серіктес болу әрдайым маңызды болды, себебі, ол ҚХР стратегиялық күшін сонау 90-шы жылдары-ақ білген. Ол кездері көп адам Қытайдың біраз жылдан соң үлкен экономикалық әлеуеті бар ұлы державаға айналатынын болжамады», - дейді ол.
Қытай-Қазақстан арасындағы 1700 шақырымға созылған шекара мәселесін даусыз шешу үшін бірнеше жыл жұмсалды. 2006 жылдың желтоқсан айында ҚХР Қоғамдық ғылым академиясында дәріс оқыған Нұрсұлтан Назарбаев күні бұрын қол қойылған Қытай-Қазақстан шекарасының режимі туралы мәлімдеме жасайды. Аталған құжат еліміздің Тұңғыш президенті айтқандай: «Бейбітшілік пен достықтың құқықтық базасының қалыптасу процессін аяқтады». Сондай-ақ, төрт күндік сапар барысында Елбасы аса маңызды стратегиялық серіктестікке әсер ететін бірнеше құжатқа қол қойған.
ҚХР Қоғамдық ғылым академиясы Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Ресей институтының директоры Сунь Чжуанжи 14 жыл бұрын Назарбаевпен кездескен сәтін еске алды.
«Біз Назарбаевтың дәрісін тағатсыздана күтіп, барынша дайындалдық. Мен ол кезде Орталық Азия бөлімінің басшысы ретінде Қазақстанды зерттеп жүрген едім. Қос ел арасындағы қарым-қатынастың барлық аспектісін қамтыған дәрісін оқыған Қазақстан Президентіне: «Қазақстанның ішкі саясатындағы басымдықтар қандай?» деген сауал қойдым. Сонда ол кісі менің сұрағыма жауабында кеңінен тоқталды. Қысқаша айтар болсам, Назарбаев: «Қазақстанның стратегиялық серіктестері қатарында - Ресей, АҚШ және Еуропа бар» деді. Мұндай батыл жауапқа сол жерде отырған баршамыз таңғалдық. Екі ел арасындағы бейбітшілік пен достық қарым-қатынастың нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің рөлі ерекше», - деді Сунь Чжуанжи.
Айта кетейік, 2013 жылы елордада Нұрсұлтан Назарбаев атындағы университетте алғаш рет дәріс оқыған ҚХР президенті Си Цзиньпин, Ұлы жібек жолын қайта жаңғыртуға қатысты жоба туралы мәлімдеді.