$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.12.2020, 12:40
Саясат

«Рақымшылық жасадым, өтінішін орындадым»: Елбасы Мұхтар Әблязов туралы пікірін айтты

Тұңғыш Президент Мұхтар Әблязов үмітін ақтамағанын айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Штрихи к портрету» деректі фильмінде қашқын банкир Мұхтар Әблязовқа сенім артқанын, алайда ол үмітін ақтамағанын айтты.

«Қашып жүргендерді кешіруге дайын екенімді ашық айтқанмын. Бірақ елге келіп, кінәсін мойындауы керек. Ақшаны қайтар да, халықтан кешірім сұра. Біз саған тиіспейміз, Қазақстанда емін-еркін жүре бер. Алайда әзірге ешкім олай келген жоқ», - деді Назарбаев.

Елбасы кезінде Мұхтар Әблязовқа рақымшылық жасағанын, бірнеше өтінішін орындағанын еске алды.

«Мысалы, Әблязов сатқын емес пе? Мен оны жас кезінде энергетика министрі қызметіне тағайындадым. Ал ол ұрлық жасады. Түрмеге отырғыздық. Сол жерден талай рет хат жазды. Туған-туыстары мен достары да босатуды өтінді. Біршама уақыттан кейін президент өкілеттілігін пайдаланып, оған рақымшылық жасадым. Әйтпесе, түрмеде отыра беретін еді», - деп атап өтті Назарбаев.

Әблязов түрмеден шыққаннан кейін банк басшылығына сұранған. Назарбаев бұл өтінішін де орындаған.

«Ал ол не істеді? 7,5 миллиард долларды ұрлап кетті. Енді осы ақшаға 15 жыл батыста тұрып жатыр. Бұдан басқа қандай ақшаға күн көреді. Ол жақта жұмыс істеп жатқан жоқ қой. Жалақы да алмайды. Соның бәрі халықтың ақшасы болды. Мемлекет адамдардың ақшасын қайтарып берді. Әлі күнге дейін сол ақшаны іздеп, біртіндеп қайтарып жатырмыз», - дейді Назарбаев.

Тұңғыш Президент егер Әблязов жақсы жұмыс істегенде, еліне пайда тигізетінін жасырмады.

«Кез келген адамға, әсіресе қазақтың баласына шетелде өмір сүру оңай емес. Қазақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпаған. Жарайды, шетелде он рет мейрамханаға барарсың, қымбат костюм де киерсің. Гамбургерді тойғанша жейсің. Бірақ оның бәрі бөтен нәрсе ғой, туған жеріңе, туған еліңе жетпейді. Өкінішті, әрине. Ол адам жақсы жұмыс істесе, өз еліне пайдасын тигізетін еді. Бірақ қашқын болып шықты», - деді Назарбаев.

Серіктес жаңалықтары