Агенттіктің Мәнізоровқа қатысты арызы қанағаттандырылған жоқ – Бас прокуратура
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бүгін Мәжілісте журналистердің сұрағына жауап беріп, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтің ісіне нүкте қойылғанын айтты
Кеше Алматы облысының әкімі Амандық Баталов орынбасары Бағдар Мәнізоровқа қатысты тергеу жүріп жатқанын, егер кінәсі дәләлденсе, жұмыстан кетуі керек екенін айтқан еді.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Алматы облысы әкімінің қылмыстық процеске мүлде қатыспағанын, сондықтан, хабарсыз екенін айтты.
«Мен сіздерге оныншы рет айтып тұрған шығармын, бүгін нүктесін қояйын. Әкім (Алматы облысының әкімі Амандық Баталов - авт) қылмыстық процеске қатысқан жоқ. Істі тергеудің өз процесі бар. Ешкімнің ұстанымы ешкімді қызықтырмайды, қызықтырмауы да керек. Өйткені заң бар. Егер қылмыс құрамы жоқ болса, тергеу процесіне ешкімнің ықпалы жүрмейді. Яғни, егер қылмыс құрамы, не нақты қылмыс оқиғасы болмаса, іске нүкте қойылады. Бас прокуратура Мәнізоровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұл шешімге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі шағым түсірді, олардың арызы қанағаттандырылған жоқ», - деді Марат Ахметжанов.
Оқи отырыңыз: Бұл ешқандай тапсырыс емес - Алик Шпекбаев Мәнізоровтың мәлімдемесі жайлы
Естеріңізге сала кетейік, Бас прокуратура Бағдар Мәнізоровқа қатысты тергеу бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орталық кеңсесіндегі екі қызметкерін қызметтік жауапкершілікке тарту туралы арыз түсірген. Өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де бұл арыздың орынсыз екенін айтып, кері хат жолдаған. Олардың өтініші жауапсыз қалғандықтан, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов екі қызметкерге қатысты қандай жаза қолданылатынын агенттік басшылары өзі шешсін дейді.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан