$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.10.2020, 16:13
Саясат

Қырғызстанда не болып жатыр: соңғы жаңалықтарға шолу

Ош облысында митинг жалғасып жатыр

Қырғызстанда не болып жатыр: соңғы жаңалықтарға шолу

Қырғызстан үкіметі елдегі тәртіпсіздік салдарынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шекараларын жауып тастады. Ресми шешімді бүгін Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Өмірбек Суванәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі voanews.com-ға сілтеме жасап.

Елдегі тәртіпсіздіктер Қырғызстанның министрлер кабинетін осы аптада отставкаға кетуге мәжбүр етті, ал Орталық сайлау комиссиясы елді басшысыз қалдырып, жексенбілік парламенттік сайлаудың нәтижелерін жоққа шығарды.

ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ІЗ-ТҮЗСІЗ ЖОҒАЛДЫ

Қырғызстан Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Курсан Асанов президент Сооронбай Жээнбеков пен әлі күнге дейін ресми отставкаға кетпеген Ішкі істер министрі Қашқар Жүнісәлиевтің қайда екенін білмейді. Бұл туралы 24.kg хабарлады.

Курсан Асанов президенттің із-түзсіз жоғалғаны туралы бүгін Бішкекте өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып хабарлады. 

«Шындығында, мен қазір басқа мәселелермен айналысамын. Бішкекте тәртіп орнату керек. Өздеріңіз көріп отырғандай, кешегі күннен бастап ерікті халық жасақтарымен бірге қаладағы жағдайды бақылауға алып, тонауға жол бермедік. Біз осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз. Жээнбековты және басқаларды іздестірумен өзге де құрылымдар айналысады деп ойлаймын», - деді Курсан Асанов.

ЖЭЭНБЕКОВ БІШКЕКТЕ

Кейін Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі Жээнбековтің Бішкекте екенін мәлімдеді.

«Президент Бішкекте. Саяси күштермен жеке келіссөздер жүргізуде. Барлық күш-жігер құқықтық арнаны қалпына келтіруге бағытталған»,- деді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева.

ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ ШЕНЕУНІКТЕР ЕЛДЕН КЕТПЕЙДІ

Шекара қызметі жоғары лауазымды шенеуніктердің елден кетуіне жол бермейтінін мәлімдеді.

«Бізге жоғары лауазымды шенеуніктерді ел аумағынан шығармау туралы бұйрық келді», - деп хабарлады ведомство.

ОШ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖЭЭНБЕКОВТЫ ҚОЛДАП МИТИНГКЕ ШЫҚТЫ

Сонымен қатар, Ош облысында Сооронбай Жээнбековті қолдауға арналған митингтер өтіп жатыр. Сондай-ақ, наразылық акциясына қатысушылар елдегі заңдарды сақтауды жақтайды. Қара Суй ауданындағы шеруге 400-ге жуық адам қатысуда. Олар нарықтағы рейдерлік басып алуға, сондай-ақ биліктегі алаяқтарға қарсы шығуда. Ошта Жээнбековті қолдауға арналған митингке 500-ден астам адам жиналды.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯ ЖЕТЕКШІЛЕРІ НЕ ІСТЕП ЖҮР?

Оппозициялық партиялардың жетекшілері елді басқару жөніндегі үйлестіру кеңесін құрып, колониядан босатылған оппозиция жетекшісі Садыр Жапаровты премьер-министр қызметіне ұсынды. Алтыншы қазанда Парламент шұғыл отырыста оның кандидатурасын бекітті. Бірқатар оппозиционерлер бұл тағайындауға келіспеді, өздерінің үйлестіру кеңесін құрды және премьер-министрді сайлауға ниетті. Сондай-ақ, олар президент импичменті мен парламенттің таратылуын талап етті.

Еске салайық, дүйсенбіде Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламенттік сайлаудың қорытындыларымен келіспейтін жаппай наразылықтар басталды. Наразылық білдірушілер қауіпсіздік күштерімен қақтығыстан кейін Парламентке өтпеген оппозициялық партиялардың жақтастары Президент әкімшілігі орналасқан Парламент ғимаратын басып алды. Қақтығыстан 900-ден астам адам зардап шекті, біреуі қайтыс болды. Премьер-министр Кубатбек Боронов отставкаға кетті. Президент Сооронбай Жээнбеков оппозицияны бірнеше рет диалогқа шақырды, бірақ әзірге ресми келіссөздер болған жоқ.

Серіктес жаңалықтары