АҚШ, Ресей, Франция Қарабақтағы қақтығысты тоқтатуға кірісті
Францияның сыртқы істер министрі Түркияны Қарабақтағы жағдайға араласқаны үшін айыптады
ЕҚЫҰ Минск тобына тең төрағалық ететін елдердің қатысуымен Қарабақтағы жағдай бойынша келіссөз 8 қазанда Женевада, 12 қазанда Мәскеуде өтеді. Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.
«Біз Франция, Ресей және АҚШ-тың қолдауымен Қарабақтағы қақтығыстың барлық тараптар үшін бір ғана мақсатпен, яғни, алдын ала шарттарсыз, тез арада соғысуды тоқтату үшін келіссөз жүргізуді бастайтынымызды хабарлаймыз», - деді француз дипломаты.
Жан-Ив Ле Дриан әлі сәтті келіссөз болмағанын, Женева және Мәскеуде өтетін басқа да кездесулер Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтатады деп үміттенетінін айтты. Сондай-ақ министр Таулы Қарабақтағы жағдайға Түркия елінің араласуы қақтығыс интернационализациясына әкеледі деп айыптады.
ЕҚЫҰ Минск тобына тең төрағалық ететін елдердің басшылары Қарабақтағы қақтығысты тоқтатуға қатысты бұған дейін де мәлімдеме жасаған болатын. 1 қазанда Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Франция президенті Эммануэль Макрон Таулы Қарабақ қақтығыс аймағындағы байланыс сызығында болып жатқан жағдайға қатысты бірлескен мәлімдемеcінде зорлық-зомбылықтың өршуін қатаң түрде айыптайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ аймағы үшін қақтығысыс 1988 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жағдай осы жылдың 27 қыркүйегінде қайта ушығып, әскери жанжал әлі тоқтаған жоқ.