Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі сайланды
Мәжіліс депутаттары Асылбек Смағұловтың кандидатурасын бірауыздан қолдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі болып Асылбек Смағұлов сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Асылбек Смағұловтың кандидатурасын ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесі ретінде тағайындау туралы ұсыныс енгізген болатын. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин Асылбек Айжарықұлын жаңа қызметімен құттықтап, корпус депутаттары атынан марапаттады.
Асылбек Смағұлов 1970 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра совхозында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын 1987 жылы жұмысшы болып бастаған.
2000-2012 жылдар аралығында ҚР Қаржы полициясының академиясында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті, бастығы, Академия басшысының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, Академия басшысының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
2012-2016 жылдар аралығында «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ директоры қызметін атқарған.
2016 жылдың 24 наурызынан бастап «Нұр Отан» партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.