ШұғылҚазақстанда 39 бала Кавасаки синдромына шалдықты

Жапонияның жаңа премьер-министрі сайланды: елді Ёсихидэ Суга басқарады

Бұған дейінгі премьер Синдзо Абэ денсаулығына байланысты отставкаға кеткен

Жапонияның жаңа премьер-министрі болып Ёсихидэ Суга сайланды, деп хабарлайды РИА Новости. Ол парламент палатасы депутаттарының қолдауына ие болған.

Сугаға 314 депутат дауыс берген. Барлығы 462 бюллетень жарамды деп танылған. Осылайша ол басым көпшіліктің дауысымен жеңіске жетті.

Айта кетейік, өкілдер палатасының депутаттары 16 қыркүйекте кезектен тыс жиын өткізіп, премьер-министрді сайлады. Енді жаңа премьер үкіметті қайта жасақтауы тиіс.

Парламенттің төменгі палатасында барлығы 465 депутаттық орын бар. Олардың 313-і билеуші коалиция – Либерал-демократиялық партия мен Комэйто партиясының еншісінде. Яғни, Ёсихидэ Суганың жеңісі алдын ала белгілі болды деп жазады басылым.

Еске салайық, Жапонияның бұған дейінгі премьер-министрі Синдзо Абэ денсаулығының нашарлауына байланысты өз еркімен отставкаға кеткен болатын.