$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.08.2020, 13:31
Саясат

Ливандағы жарылыстан зардап шеккендерге көмектескен қазақстандық әскери дәрігерлер елге оралды

Арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ Ливанда 2 аптадай болды

Ливандағы жарылыстан зардап шеккендерге көмектескен қазақстандық әскери дәрігерлер елге оралды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери дәрігерлер Бейрут, Боуар, Сайда, Машгара қалаларындағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, елімізге аман-есен оралды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қонған әскери дәрігерлерді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаев қарсы алды.

«Осы уақыт ішінде біздің медицина қызметкерлері қойылған міндеттерді лайықты орындап, шетелдік әріптестерінің тарапынан оң бағаланды. Сіздерді қойылған міндеттердің орындалуымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс тілеймін», - деді ведомство басшысының орынбасары.

Ливанда қазақстандық дәрігерлер науқастарға хирургиялық, травматологиялық және терапевтік емдеу бойынша көмек көрсетті. Әскери дәрігерлер әртүрлі жастағы науқастарды емдеді. Оның ішінде кішкентай балалар мен ересектер дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Ең қарт науқастардың бірі - сол жақ жамбас сүйегі сынған 90 жастағы ер адам. Қарияға екі жақ мамандарының күшімен жасалған ота сәтті өтті. Әскери дәрігерлер барлығы 635 науқасты қабылдап, 73 емделушіге ота жасады. Сонымен қатар, Бейрут әскери госпиталіне Қазақстан тарапынан дәрі-дәрмек және медициналық мүлік түрінде гуманитарлық жүк тапсырылды.

«Ливандықтар өте риза. Біз ұшып бара жатқанда олар Қазақстанға, Президентімізге алғыс білдірді. Жергілікті тұрғындар да жылы қабылдады. Әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханаларда жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе жинадық», - деді ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, жетекші хирург, медицина қызметінің полковнигі Асқар Маруфов.

Сонымен қатар, жұмыс барысында қазақстандық әскери дәрігерлер ливандық әріптестерімен өзара іс-қимыл жасап, бірлескен емдік іс-шаралар жүргізіп, құнды тәжірибе алмасты. Әскери дәрігерлер елімізге аттанар тұста Ливан Қарулы күштері бас әскери-медициналық басқармасының бастығы генерал Джордж Юссеф және әскери госпиталь бастығы генерал Абудахир Насиммен кездесу өтті. Кездесуге қатысушылар тәжірибе алмасу мен екі елде әскери медицинаны дамыту бойынша одан ары ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Ливан тарапы көрсеткен көмегі үшін біздің дәрігерлерімізге зор алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылды. Жарылыс зардабынан 170 адам көз жұмып, мыңдаған адам әртүрлі жарақат алды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливандағы жарылыстан зардап шеккен жүздеген адамға көмек көрсетті

8 тамыз күні таңертең Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша порттағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін құрамында 29 әскери дәрігер мен 4 аудармашысы бар топ Бейрутқа жіберілген еді.

Серіктес жаңалықтары