Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливандағы жарылыстан зардап шеккен жүздеген адамға көмек көрсетті
Олар Бейрут, Боуар, Машгар және Сайда қалаларының медициналық мекемелерінде науқастарға медициналық көмек көрсетеді
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Ливанда арнайы мақсаттағы қазақстандық әскери-медициналық жасақ жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы жұмыс күнінен бастап Қазақстанның әскери дәрігерлері жүздеген Ливан азаматтарына медициналық көмек көрсетті. Қазақстандық мамандардың медициналық көмек көрсетуі Ливан дәрігерлерімен бірге әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханалардың базасында жүзеге асырылады.
Өтініш білдіргендердің арасында аммиак селитрасының детонациясы нәтижесінде жарылыс толқыны әсер ететін аймақта болғандар бар. Қазақстандық дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік пациенттерді емдеуге жұмылдырылды. Біздің дәрігерлер реанимация және анестезиология бөлімшелерінің жұмысына, эндопротездеу сияқты жоғары технологиялық қызметтерді қоса алғанда, операциялық араласулар жүргізуге белсенді қатысады. Сонымен қатар, әскери дәрігерлер амбулаториялық науқастарға көмек көрсету және қабылдау бойынша медициналық пункттің жұмысын ұйымдастырды.
Қазақстандық дәрігерлердің жұмысы елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған.
«Мен Ливанның оңтүстігіндегі Бейрутта тұрамын. Осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан басшылығына және әскери дәрігерлерге менің халқыма және балаларыма көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Ливанға қош келдіңіз!», - дейді науқастардың бірі Фади Эхри.
Еске сала кетейік, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылды. Жарылыс зардабынан 170 адам көз жұмып, мыңдаған адам әртүрлі жарақат алды.
8 тамыз күні таңертең Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша порттағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін құрамында 29 әскери дәрігер мен 4 аудармашысы бар топ Бейрутқа жіберілді.