Мәслихат сайлауы: Тоқаев премьер-министр және Құрылтай төрағасымен кеңес өткізді

Бектенов пен Дәдебай өз ұсыныстарын айтқан

Мәслихат сайлауы: Тоқаев премьер-министр және Құрылтай төрағасымен кеңес өткізді
Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектенов және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен консультациялар өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

«Мемлекет басшысы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізді», - деп хабарлаған Ақорда.

Дереккөзге сүйенсек, Тоқаев мәслихаттардың толыққанды жұмысы несімен маңызды деген дүниеге назар аударған. Яғни, президенттің пайымынша, мәслихаттың толыққанды жұмысы азаматтардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету, жергілікті бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау үшін  керек. Президент депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне сенім білдірген.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына сәйкес жүргізілген консультациялар барысында премьер-министр Олжас Бектенов пен Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қарастырылып отырған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша президент Конституцияның негізгі ережелеріне толық сәйкес және айтылған пікірлерді ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын айтты», - деп хабарлайды Ақорда.